Сингапурда Қазақстан Елшісінің Сауда және индустрия министрлігінің басшылығымен кездесуі өтті
20.03.2026 17:47:11 187
Сингапур, 2026 жылғы 20 наурыз – Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Елшісі Асқар Құттықадам Сингапурдың Сауда және индустрия министрлігінің Америка, Еуропа және Орталық Азия департаментінің директоры Жасмин Куа Зубайр ханыммен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, жаһандық экономикалық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақстан Елшісі сингапурлық тарапты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы туралы хабардар етті. Бұл оқиға Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы сапалы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Мемлекеттік басқарудың ашық әрі тұрақты жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ басқа да маңызды жаңашылдықтар мемлекет пен бизнес арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Тараптар халықаралық экономиканың қазіргі жай-күйін, соның ішінде жаһандық нарықтардың фрагментациясын, инвестициялар үшін бәсекенің күшеюін, сондай-ақ геосаяси шиеленіс пен логистикалық тәуекелдердің әлемдік экономикаға әсерін талқылады.
А.Құттықадам Қазақстанның ағымдағы экономикалық көрсеткіштері туралы мәлімет берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрағаны атап өтілді. Негізгі драйверлер ретінде өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік және қызмет көрсету секторлары айқындалды. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тұрақты өсімді қамтамасыз ету және ұлттық экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиясының арқасында Қазақстан алғаш рет әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына енді.
Сұхбаттаушылар екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын, оның ішінде энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект, су технологиялары, «жасыл экономика», сондай-ақ стратегиялық маңызды минералдар мен инновациялық әзірлемелер салаларын талқылады.
Инвестициялық ынтымақтастық аясында қазақстандық тарап Alatau City көпфункционалды урбанистік кластер жобасын таныстырды. Бұл жоба сингапурлық компаниялар үшін Қазақстан, Орталық Азия және іргелес өңірлер нарықтарына шығудың перспективалы платформасы ретінде ұсынылды.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Сингапур арасындағы қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді толыққанды іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, жақын арада осы Келісімнің іске асырылуын қарау жөніндегі Бірлескен комитеттің алғашқы отырысын өткізуге дайын екендіктерін білдірді.
Кездесу барысында сингапурлық тарап Қазақстанның экономикалық өлшемі айқын халықаралық бастамалары туралы хабардар етілді, оның ішінде 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы бар.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге және кең ауқымды бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге өзара мүдделілігін растады, оның ішінде жоғары және ең жоғары деңгейдегі өзара сапарларға дайындық аясында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-singapore/press/news/details/1186264?lang=kk