Сан-Франциско қаласында Наурыз мерекесі аталып өтті
21.03.2026 09:35:37 194Сан-Франциско, 2026 жылғы 20 наурыз – Биыл алғаш рет Сан-Франциско қалалық әкімдігінде (City Hall) қазақ қауымдастығының қатысуымен Наурыз мерекесі атап өтілді. Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен және Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының ұйымдастыруымен бұл мереке иран, әзірбайжан, түрік және өзбек қауымдастықтарының өкілдерін біріктіріп, кең көлемде тойланды.
Іс-шара барысында Сан-Франциско қаласының мэрі Дэниел Люри құттықтау сөз сөйлеп, Наурыздың көктемгі жаңару мерекесі ретінде, бейбітшілік пен келісімнің, өзара түсіністіктің символы ретіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, осындай мәдени көпірлерді қалыптастырып отырған қауымдастықтарға алғысын білдірді. Атап айтқанда, Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының президенті Жұлдыз Тримоваға іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін құрмет грамотасын табыстады.
Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулы Назира Нұрбаева өз сөзінде Наурыздың халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы және ұлттың рухани дәстүрлерін сақтаудағы ерекше маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті қазақ қауымдастығының дамуына және көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар тұлғаларды құрмет грамоталарымен марапаттады.
Сан-Франциско қалалық әкімдігінің тарихында алғаш рет оның қабырғалары ішіне қазақ халқының көшпелі өркениетінің нышаны — дәстүрлі киіз үй орнатылды. Киіз үй жергілікті тұрғындар мен америкалық қауымдастықтың қызығушылығын тудырды. Мерекелік бағдарлама аясында қатысушы елдердің ұлттық музыкасы мен би өнері, сондай-ақ ұлттық тағамдар ұсынылды. Қазақстан атынан Анель Мурзагулова қазақ биін, Жәнібек Рысбек «Көроғлы» және «Сарыарқа» күйлерін, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Азамат Жылтыркөзов әсерлі вокалдық өнерін паш етті.
Іс-шараға американдық ресми, іскерлік және қоғамдық топтардың, шетелдік дипломатиялық корпустың, түркі тілдес диаспоралардың 500-ге жуық өкілі қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-san-francisko/press/news/details/1186558?lang=kk