Нью-Йорктегі Таймс-скверде Наурыз мерекесі тойланды

Нью-Йорктегі Таймс-скверде Наурыз мерекесі тойланды

22.03.2026 08:12:30 258

Нью-Йорк, 2026 жылғы 21 наурыз – Нью-Йорктегі әйгілі Таймс-сквер алаңында қазақстандық дипломаттардың, диаспора өкілдерінің, студенттердің және қала қонақтарының қатысуымен көктем мерекесі – Наурыз мейрамы атап өтілді.

Іс-шара аясында ұлттық киімдердің жарқын көрсетілімі ұйымдастырылып, ол Нью-Йорк тұрғындары мен көптеген туристердің назарын аударды. Қатысушылар музыкалық өнері мен қазақ мәдениетінің элементтерін, соның ішінде дәстүрлі «Тұсаукесер» рәсімін ұсынып, көктемгі жаңару, достық пен бірлік рухын қалыптастырды.

Бағдарламаның айрықша сәттерінің бірі – осы күндері Нью-Йорктегі Secret Arts Center ұйымдастырған New York International Competition for Performing Arts 2026 халықаралық байқауына қатысып жатқан «Әлқисса» балалар ансамблінің және “Жетіген” тобының өнер көрсетуі болды.

Таймс-сквер алаңында алғаш рет Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлері домбырамен орындалды. Ансамбль ұжымымен бірге қазақ музыкасы мен мәдениетін Нью-Йорк қаласында белсенді насихаттап жүрген америкалық гитарист әрі домбырашы Джефф Герш те өнер көрсетті.

Мәдени-имидждік акция аясында Қазақстанның алманың отаны екендігі туралы ақпарат қамтылған QR-кодтары бар алмалар таратылды. Бұл дерек түрлі зерттеулермен, соның ішінде National Geographic материалдарымен расталады.

Мереке жылы әрі достық ахуалда өтіп, қазақ мәдениетін шетелде насихаттауға және АҚШ пен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1186718?lang=kk