Майндағы Франкфурт төрінде Наурыз мерекесі атап өтілуде
22.03.2026 08:12:54 233Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 20 наурыз – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Биылғы мереке қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрін дәріптейтін Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылып, оның маңызды күндерінің бірі – Ұлттық ойындар күнімен тұспа-тұс келді.
Мерекелік іс-шараға отандастар және шетелдік қонақтар қатысты. Қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, ұлттық мәдениеттің көріністеріне куә болды.
Іс-шара барысында ұлттық ойындар кеңінен насихатталып, қонақтарға «асық ату», «тоғызқұмалақ» сынды дәстүрлі ойындар ұсынылды. Бұл ойындар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, қазақ халқының зияткерлік және дене мәдениетінің байлығын көрсетті.
Сонымен қатар, мерекелік дастархан жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Әсіресе, Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже көпшілікке ұсынылып, қазақ халқының қонақжайлығы мен береке-бірлігінің белгісі ретінде жоғары бағаланды.
Осы айтулы мереке аясында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы бауырлас Түркия Республикасының шақыруымен «Alte Oper» ғимаратында Мюнхен симфониялық оркестрінің концерттік бағдарламасына қатысты. Аталған мәдени іс-шара халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етті.
Наурыз мейрамы – жаңару мен жаңғырудың, татулық пен келісімнің символы. Бұл күн халықтарды жақындастырып, өзара құрмет пен түсіністікті нығайта түседі.
Қазақстан Республикасының Бас консулдығы барша қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, бақ-береке және молшылық тілейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1186706?lang=kk