Братиславада Қазақстанның жаңа Конституция бойынша референдумның қорытындылары талқыланды
24.03.2026 09:33:42 111Братислава, 2026 жылғы 19 наурыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасы Президентінің сыртқы саясат және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ян Кубишпен кездесті.
Әңгіме барысында Елші 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумның қорытындыларымен таныстырды. Азаматтардың қатысу деңгейі 73%-дан асқаны, жаңа Конституция жобасын 7,9 миллион азамат немесе дауыс бергендердің 87%-ы қолдағаны атап өтілді.
Елші Негізгі заңның қабылдануымен елдің ұзақ мерзімді, тұрақты дамуының бағыты айқындалатынын, сондай-ақ турбулентті кезеңнің сыртқы және ішкі сын-қатерлеріне жедел жауап бере алатын жаңа кезеңдегі Қазақстанның институционалдық архитектурасы қалыптасатынын атап өтті. Бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу, вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін қамтитын көпдеңгейлі қоғамдық диалог жүйесін құру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту конституциялық өзгерістердің ауқымдылығын көрсетеді.
Дауыс беру үдерісіне халықаралық стандарттарға сәйкес өткеніне оң баға берген халықаралық байқаушылардың пікіріне де ерекше назар аударылды.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты саяси және құқықтық кеңістікті, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды үдерістер басталатыны атап өтілді. Мемлекеттік және азаматтық институттарды, сондай-ақ жеке тұлғаның құқықтық кепілдіктерін күшейтетін жаңа конституциялық заңдар мен өзге де заңнамалық актілер қабылданатын болады. Сонымен қатар, жаз мезгілінде Қазақстанда Құрылтайға сайлау өтеді.
Я. Кубиш жүргізіліп жатқан конституциялық реформаға жоғары баға берді. Оның пікірінше, референдум қорытындылары қазақстандықтардың Президент Қ.К.Тоқаев жүргізіп отырған ауқымды саяси жаңғырулар мен әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын кеңінен қолдайтынын айқын көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етіп отырған проактивті сыртқы саясаттың нәтижелілігі атап өтілді.
Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1187035?lang=kk