ҰҰА операторлары, жауынгер жүзушілер және сүңгуір журналист: Әскери-теңіз күштеріндегі баспасөз турының екінші күні қалай өтті

ҰҰА операторлары, жауынгер жүзушілер және сүңгуір журналист: Әскери-теңіз күштеріндегі баспасөз турының екінші күні қалай өтті

30.03.2026 11:30:48 263

Баспасөз турының екінші күні есте қаларлықтай мазмұнды болды. Журналистер Әскери-теңіз күштеріндегі жауынгерлік дайындықтың заманауи бағыттарымен танысып, ұшқышсыз ұшу жүйелері операторларының жұмысына қанығып, тіпті сүңгуір жабдығын тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік алды.

Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінде БАҚ өкілдеріне ұшқышсыз авиацияның даму жағдайы және дрон операторларын дайындау туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қазіргі уақытта Әскери-теңіз күштерінде мамандандырылған екі зертхана және бір оқу сыныбы жұмыс істейді. Онда бейінді мамандармен қатар өзге бөлімшелердің әскери қызметшілері де дайындықтан өтеді.

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасы бас штабының роботтандырылған жүйелерді қолдану жөніндегі аға офицері подполковник Григорий Селивановтың айтуынша, оқыту әскери қызметшілерге ұшқышсыз жүйелерді басқарудың бастапқы дағдыларын үйретіп, заманауи қару түрлері туралы жалпы түсінік беруге бағытталған.

– Бұл бөлімшелердің дайындығын арттырып, жеке құрамның қазіргі заманғы ұрыс жағдайларына бейімделуін қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге журналистерге «бірінші жақтан көретін» FPV-дрондардың мүмкіндігі көрсетілді. Онда оператор дрон камерасынан түскен бейнені көзілдірік арқылы көріп, дронның ішінде отырғандай сезімде болады. Бұл ұшқышсыз аппаратты жоғары дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді.

Одан кейін баспасөз туры оқу-сүңгуірлік орталығында жалғасты. Бөлімше бастығы капитан-лейтенант Руслан Қунақов орталық барлық мамандықтағы сүңгуірлерді, соның ішінде жауынгерлік жүзушілерді, техникалық бейіндегі мамандарды, сондай-ақ штаттағы және штаттан тыс кеме сүңгуірлерін дайындайтынын атап өтті. Журналистерге ашық және жабық циклді аппараттар, сондай-ақ шлангалы сүңгуір құралдары көрсетілді.

Республикалық телеарналардың бірінің өкілі олардың функционалдық мүмкіндігін тәжірибе жүзінде тексеріп көрмек боп, арнайы нұсқаушымен бірге сүңгуір жабдығымен суға түсті.

Түс ауа баспасөз туры Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскерлерінде жалғасты. Мұнда десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді қызметін өтеген әскери қызметшілердің Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға әскери-теңіз базасының қолбасшылығы, ардагер теңізшілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және әскери қызметшілердің ата-аналары қатысты.

Бөлім басшылығы матростарға әскери борышын адал атқарғаны үшін алғыс айтып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Әрбір әскери қызметшіге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Баспасөз турының соңында БАҚ өкілдері әскери теңізшілердің тұрмыс жағдайларымен және күнделікті қызметімен танысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189391?lang=kk