Швед үстелі және ұлттық тағамдар: Қарулы күштерде тамақтану жүйесінің жаңа стандарттары енгізілуде

Швед үстелі және ұлттық тағамдар: Қарулы күштерде тамақтану жүйесінің жаңа стандарттары енгізілуде

30.03.2026 12:52:18 340

Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесін кешенді түрде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Негізгі жаңалықтардың бірі әскери қызметшілерге бірнеше тағам арасынан өз таңдауын жасауға мүмкіндік беретін «швед үстелі» элементтерін енгізу болып отыр.

Жаңа тамақтану моделі әскери қызметшілерге әр күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамнан өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді, бірақ пайлардың бағасы өзгермейді. Мұны тағамды дайындау мен тарату процесін оңтайландыру арқылы іске асыру көзделген.

Қазіргі таңда әскерлерді тамақтандыруды 40 мыңнан астам әскери қызметшіні қамтитын 23 қызмет көрсетуші қамтамасыз етеді. Оның ішінде мерзімді қызмет сарбаздары, курсанттар мен кадеттер бар. Конкурс нәтижесінде бәсекелестікті арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін 11 жаңа жеткізуші анықталды.

Сонымен бірге, тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесі ұзақ мерзімді негізге көшірілмек. Келісімшарттар үш жыл мерзімге жасалып, конкурс рәсімдері толықтай электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл процессті ашық етеді, әрі сыбайлас жемқорлық қаупін жойып, жеткізушілердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Тамақ сапасын арттыру аясында бірқатар практикалық шаралар жүзеге асырылды. Шамамен 300-дей бақылау және көрсетілімдік тағам әзірлеу рәсімі ұйымдастырылып, аспаздарға арналған оқыту шаралары өткізілді.

Бұл ретте әскери қызметшілердің пікірін есепке алуға ерекше назар аударылды. Әскери бөлімдерде анонимдік сауалнамалар жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша мәзірдің кейбір пункттері қолданыстағы азық-түлік пайларының нормаларын сақтай отырып түзетілді.

Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев атап өткендей, жаңа тамақтану жүйесіне көшу – әскери қызметшілерді қамтамасыз етудің сапасын арттырудағы принциптік қадам болмақ.

  – Біз тамақтануды ұйымдастырудың заманауи моделіне көшудеміз. Бұл жерде негізгі назар әскери қызметшінің нақты қажеттілігіне аударылады. «Швед үстелі» элементтерін енгізу сарбазға таңдау жасау мүмкіндігін беру, тағамның әр түрлілігін қамтамасыз ету және тамақ сапасын арттыру жолы болмақ. Бірақ мұның бәрі шығындарды көбейтпей жүзеге асырылады, – деді ол.

Қорғаныс министрінің орынбасары сонымен бірге барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету басты міндет болып қала беретінін атап өтті. Рәсімдердің бәрі мүмкіндігінше электрондық форматқа көшірілетінін және конкурс кезінде адам факторының әсері жойылатынын жеткізді. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және жеткізушілер арасында әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйелік шара. Сол себепті қабылданған шаралар азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінің сапалы жаңартылуына бағытталған.

 – Біздің міндетіміз – тамақтануды ұйымдастыруды жаңа деңгейге көтеру. Бұл бір реттік шара емес, аспаздардың біліктілігін арттырудан бастап, жаңа бақылау стандарттарын енгізу және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді жұмыс, – деп атап өтті генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Сонымен қатар, тамақ рационын ұлттық тағамдармен толықтыру және калория мөлшерін арттыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Бөлімшелерде ұлттық тағамдар күні өткізу тәжірибесі енгізіліп, оған мампар, қуырдақ, палау, ет және бауырсақ сияқты дәстүрлі тағамдар қосылған.

Сонымен қатар, далалық жағдайда тамақ сапасын арттыруға және әскери аспаздар институтын дамытуға ерекше мән берілуде. Олар полигондарда азаматтық жеткізушілермен бірлесе отырып жұмыс істейтін болады.

  Бүгінде «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті қоғамдық бақылаудың маңызды элементі болып табылады. Ұйым өкілдері тамақ сапасын бағалау және жеке құраммен өзара іс-қимыл жасау процестеріне қатыса алады. Қоғамдық ұйым жүйенің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз ету мен объективті кері байланыс алудағы қосымша механизм болып саналады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189555?lang=kk