Қостанай ауданында 50-ден аса отбасы баспаналы болды
31.03.2026 09:12:17 220
Қостанай ауданында 50-ден аса отбасы жаңа баспанаға ие болды. Пәтер кілттері жаңадан бой көтеріп жатқан «Астана» шағын ауданындағы тұрғын үйлерден табысталды.
Аталған шағын аудан бүгінде қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй кешендерінің бірі саналады. Соңғы жылдары мұнда бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер салынып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелі түрде дамуда. Табысталған пәтерлер толық әрленген күйде пайдалануға берілді.
Жалпы, биыл облыс орталығы мен аудандарда жүздеген мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Астана» шағын ауданы – осы бағыттағы нақты жұмыстардың айқын көрінісі. Мұндағы үйлер заманауи талаптарға сай салынған және тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Пәтерлер аудандағы №2, №6, №8 және №10 тұрғын үйлерден берілді. Жаңа баспана көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін өзге де санаттағы азаматтарға үлестірілді.
Сонымен қатар, шағын ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталып, қазіргі уақытта іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, кәріз сорғы станциясының құрылысы да қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1190189?lang=kk