Қазақстанның күштік құрылымдары арасында самбодан өткен чемпионатта Қорғаныс министрлігінің спортшылары айқын жеңіске жетті
31.03.2026 11:04:55 223
Алматыда күштік құрылымдар арасында самбодан өткен ашық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Турнирге Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұланнан барлығы 156 спортшыдан тұратын 26 команда қатысты.
Тартысты өткен бәсекеде балуандар 7 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Оның ішінде армия спортшылары бозкілемде басымдық танытып, бірқатар салмақта жеңіске жетті. Атап айтқанда, 58 келіге дейінгі салмақта – Жасұлан Нариманов (АОСК), 64 келіде – Жандос Бейсенбаев (32039 әскери бөлімі), 71 келіде – Арнұр Қуатай (АОСК), 79 келіде – Санжар Нұрсейіт (АОСК), 88 келіде – Бейбарыс Нұғыман (АОСК), 98 келіде – Жалғас Серіков (АОСК) және 98 келіден жоғары салмақта – Болат Сапар (Ұлттық ұлан) топ жарды.
Командалық есепте турнирдің бірінші орнын Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының командасы иеленді. Екінші орынды Ішкі істер министрлігінің командасы еншілесе, үшінші орынды Қорғаныс министрлігінің 32039 әскери бөлімінің спортшылары олжалады.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыстар Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) бастамасымен өткізілетін әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатына іріктеудің маңызды кезеңі болғанын айта кету керек. Турнир жеңімпаздары әскери қызметшілер арасында өтетін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1190348?lang=kk