Павлодар облысы тұрғындарымен аудит саласындағы ІМАК төрағасының ашық диалогы

Павлодар облысы тұрғындарымен аудит саласындағы ІМАК төрағасының ашық диалогы

31.03.2026 16:12:07 324

 «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Павлодар облысының жұртшылығымен онлайн кездесу өткізді. Кездесу барысында ведомство басшысы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен мемлекеттік аудит саласындағы жаңа тәсілдерді баяндады және өңір тұрғындарын толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Ашық диалог форматында өткен шарада тұрғындар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарға, соның ішінде қашықтан тексеру жүргізу тәртібіне қатысты сауалдарын қойды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,6 трлн теңге көлеміндегі қаражат аудитпен қамтылып, 462,4 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары мен 4,4 мыңнан астам процедуралық кемшіліктер анықталды. Бұл ретте тексерістер саны 22%-ға азайғанымен, анықталған заңсыздықтардың көлемі 36%-ға артқан. Бұған тәуекелдерді басқару жүйесін күшейту мен аудиттің дәлдігін арттырған цифрлық құралдарды қолдану арқылы қол жеткізілді.

Қазіргі таңда бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән берілуде. Камералдық бақылаудың нәтижесінде мемлекеттік сатып алу келісімшарттарының құнын 57,5 млрд теңгеге негізсіз өсіру әрекеттері тоқтатылды. Сонымен қатар, атқарылған жұмыс актілерін төлем жасалғанға дейін камералдық тексеруден өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.


Бюджетті онлайн мониторингілеу жоспарланған мемлекеттік шығындарды 1,5 трлн теңгеге асыра көрсетудің жолын кесуге және 1,5 млрд теңгеге жуық соманы құрайтын алаяқтық схемаларды әшкерелеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бұған дейін білім беру саласында жиі кездесетін заң бұзушылықтар айтарлықтай азайды.

Көп жағдайда кемшіліктер ерікті түрде жойылып, қаражат сотқа жетпей-ақ бюджетке қайтарылуда.

Комитет төрағасы бүгінгі таңдағы басты міндет — тек заңсыздықтарды әшкерелеу ғана емес, цифрландыру мен талдаудың көмегімен олардың ерте кезеңде алдын алу екенін атап өтті.

Кездесу соңында Комитеттің заманауи аудит құралдарын дамытуды жалғастыратыны, сондай-ақ бюджет қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз етуде маңызды кері байланыс көзі болып табылатын азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге баса назар аударылатындығын жеткізді.

                                            

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1190736?lang=kk