«Ауыл мектебі – жаңа мүмкіндіктер арнасы» республикалық әдістемелік интенсив

«Ауыл мектебі – жаңа мүмкіндіктер арнасы» республикалық әдістемелік интенсив

17.04.2026 17:38:24 226

2026 жылы 16 сәуір күні Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Тарбағатай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ауыл мектебі – жаңа мүмкіндіктер арнасы» республикалық әдістемелік интенсив өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру сапасын арттыру, тірек және шағын жинақты мектептер арасында озық педагогикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ педагогикалық тәсілдер мен оқыту әдістерін жетілдіру болды.

Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасында ауылдық білім беруді дамытуға бағытталған «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын іске асыру мақсатында Тарбағатай ауданы білім бөлімінің КММ «Абай атындағы орта мектебі» тірек мектебінің базасында жеті секциялық отырыс пен пленарлық отырыс ұйымдастырылды.

Секция жұмысы білім сапасын басқарудың өзекті мәселелерін қарастыруға, тиімді білім беру технологиялары мен инновациялық шешімдерді енгізуге, цифрлық трансформацияға, көшбасшылық пен кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, педагогтердің, оның ішінде «Балалар өнер мектебі» мамандарының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ инновациялық бастамаларды іске асыруға бағытталды.

Жұмыс барысында қатысушылар практикалық кейстерді ұсынып, ауыл мектептеріндегі цифрлық теңсіздікті азайтуға, жасанды интеллект құралдарын енгізуге, STEM-білім беруді дамытуға, заманауи басқару модельдерін бейімдеуге, сондай-ақ жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын құруға бағытталған ұсыныстар әзірледі.

Әдістемелік интенсивтің қорытындысы бойынша ауыл мектептерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыруға және білім алушылардың сапалы білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған ұсыныстар жинақталып, жүйелендірілді.

Іс-шараға білім беру ұйымдарының басшылары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен педагогтер қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 210 адамды құрады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1203444?lang=kk