Қазақстанда Тәуекелдерді басқару бойынша ДТҰ-ның мастер-тренерлер бағдарламасының жұмыс тобының 5-ші отырысы өтуде

Қазақстанда Тәуекелдерді басқару бойынша ДТҰ-ның мастер-тренерлер бағдарламасының жұмыс тобының 5-ші отырысы өтуде

20.04.2026 17:39:06 398

      2026 жылғы 20–24 сәуір аралығында Астана қаласында Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДТҰ) және Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) қолдауымен жүзеге асырылатын тәуекелдерді басқару бойынша мастер-тренерлер бағдарламасы жұмыс тобының 5-ші отырысы өтуде.

     Іс-шараға Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кеден қызметтерінің өкілдері, сондай-ақ ДТҰ-ның аккредиттелген сарапшылары қатысуда.

     Отырыс тәжірибеге бағытталған форматта өтіп, нақты кейстерді талқылау, тәжірибе алмасу және кеден органдарының күнделікті қызметінде қолданылатын шешімдерді әзірлеу үшін тиімді жұмыс алаңы ретінде қызмет етуде.

     Іс-шараны аша отырып, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов тәуекелдерді басқару қазіргі кеден қызметінің негізгі құралдарының біріне айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тек бақылау тиімділігін арттыру ғана емес, сонымен қатар адал бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, бақылау шараларын жоғары тәуекел аймақтарына шоғырландыруға мүмкіндік беретін теңгерімді жүйе қалыптастыруды көздейді.

     Отырыстың негізгі тақырыбы – оқыту саласындағы ұлттық әлеуетті дамыту. Қатысушылар халықаралық стандарттарды ұлттық тәжірибеге бейімдеп, оларды тиімді енгізе алатын мастер-тренерлерді даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде.

     Практикалық бөлімге ерекше назар аударылған: мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері бағдарлама қатысушылары әзірлеген материалдар негізінде оқыту сессияларынан өтуде. Бұл тәсіл алынған білімді бекітіп қана қоймай, оны нақты жағдайларда қолдану мүмкіндігін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

      Қазақстан үшін бұл іс-шара үздік халықаралық тәжірибелерді зерделеп қана қоймай, оларды ұлттық басымдықтарды ескере отырып бейімдеуге мүмкіндік береді. Негізгі назар – неғұрлым дәл және интеллектуалды бақылауға көшу, артық рәсімдерді қысқарту және кедендік ресімдеуді жеделдету.

      Маңызды бағыттардың бірі – өңір елдерімен келісілген тәсілдерді қалыптастыру. Бұл тауарлардың шекара арқылы қозғалысының ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1204700?lang=kk