2026 жылдан бастап жылжымайтын мүлікті сату кезіндегі салық салу тәртібі өзгерді
20.04.2026 18:08:57 335
2026 жылдан бастап жылжымайтын мүлікті сату кезіндегі салық салу тәртібі өзгерді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжат жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлікті сатуынан түсетін табысына салық салу қағидаларын айтарлықтай өзгертеді.
2026 жылға дейін қолданылған тәртіпке сәйкес, жеке табыс салығы (ЖТС) мынадай жағдайларда төленді:
жылжымайтын мүлік меншік құқығы тіркелген күннен бастап 1 жылдан аз уақыт иелікте болса;
мүлік сату кезінде пайда (құн өсімі) алынған болса.
Бұл ретте салық мөлшерлемесі:
10% — резиденттер үшін;
15% — бейрезиденттер үшін.
Егер мүлік 1 жыл және одан көп уақыт меншікте болса немесе сату кезінде пайда болмаса, салық төлеу міндеті туындамаған.
2026 жылдан бастап енгізілген негізгі өзгерістер:
Меншік мерзімінің ұлғаюы
Жаңа талапқа сәйкес, жылжымайтын мүлікті сату кезінде салық төлемеу үшін оны иелену мерзімі кемінде 2 жылды құрауы тиіс.
Бұл норма 2026 жылдан бастап сатып алынған объектілерге қолданылады. Бұған дейін алынған мүлікке бұрынғы талап (1 жыл) сақталады.
Прогрессивті салық мөлшерлемесі
ЖТС мөлшерлемесі енді табыс көлеміне байланысты белгіленеді:
10% — жылдық табыс 8 500 АЕК-ке дейін болған жағдайда;
15% — көрсетілген шектен асатын табыс сомасына.
2026 жылы 1 АЕК — 4 325 теңге, сәйкесінше 8 500 АЕК — 36 762 500 теңгені құрайды.
Салық төлеуден босату жағдайлары
Жеке тұлғалар келесі жағдайларда салық төлеуден босатылады:
мүлік 2 жыл және одан көп уақыт меншікте болғанда;
сату кезінде пайда алынбағанда.
Қосымша түсіндірмелер:
меншік мерзімі мемлекеттік тіркеу күнінен бастап есептеледі;
салық мүліктің толық құнынан емес, тек құн өсімінен алынады;
сатушы табысты декларациялап, белгіленген мерзімде салық төлеуге міндетті;
аталған талаптар жылжымайтын мүліктің барлық түрлеріне (пәтер, үй, жер учаскесі, гараж және т.б.) қолданылады.
Жаңа нормалар қысқа мерзімді алып-сату мәмілелерін азайтуға және жылжымайтын мүлік нарығындағы алыпсатарлық операцияларды шектеуге бағытталған. Осыған байланысты азаматтарға мүлікті сату кезінде сатып алу мерзімін және ықтимал салық жүктемесін алдын ала ескеру ұсынылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1204719?lang=kk