Қазақстанның жаңа Конституциясы Брюссельде таныстырылды: билік теңгерімі мен азаматтар құқықтарын қорғауға басымдық

Қазақстанның жаңа Конституциясы Брюссельде таныстырылды: билік теңгерімі мен азаматтар құқықтарын қорғауға басымдық

21.04.2026 08:10:35 384

Брюссель, 2026 жылғы 20 сәуір – Брюссель пресс-клубында «Жаңа Қазақстан: конституциялық референдум қорытындылары және демократиялық жаңғыру жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналды.

Кездесу жуырда бастау алған «Shanyraq Dialogues» топтамасы аясында ұйымдастырылды. Бұл алаң Қазақстан және оның халықаралық аренадағы рөлі туралы ашық диалог жүргізуге бағытталған.

Іс-шараны Қазақстанның ЕО жанындағы Елшісі Роман Василенко ашып, негізгі баяндама Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Евгений Больгерт тарапынан жасалды.

Спикерлер негізгі өзгерістерді жан-жақты таныстырып, конституциялық реформа ел дамуының бетбұрыс кезеңі екенін атап өтті. 2026 жылғы 15 наурызда өткен ұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді нақтырақ бөлуге бағытталғаны айтылды.

Атап айтқанда, Парламенттің рөлі күшейтіліп, парламенттік бақылау тетіктері кеңейтілгені, сондай-ақ сот жүйесінің тәуелсіздігіне қосымша кепілдіктер енгізілгені көрсетілді. Сонымен қатар, кеңес беру форматтарын және қоғамдық диалог тетіктерін дамыту арқылы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы кеңейтілгені атап өтілді.

Іс-шараға Еуропалық Комиссия мен Еуропалық Одақ кеңесі өкілдері, дипломатиялық корпус, сараптамалық орталықтар және БАҚ қатысты. Қатысушылар реформалардың мазмұнын да, оларды іске асырудың практикалық аспектілерін де талқылады. Пікірталастың негізгі тақырыптары цифрлық саладағы азамат құқықтарын қорғау, экологиялық жауапкершілік және әлеуметтік инклюзивтілік мәселелері болды.

Қатысушыларға жолдаған үндеуінде Еуропалық парламенттің Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегациясының төрайымы Джузи Принчи екіжақты қатынастардың стратегиялық маңызын атап өтті:

«Қазақстан Орталық Азия елдерімен қатар Еуропаның стратегиялық серіктесі болып табылады. Қазіргі геосаяси жағдайда демократия мен тиімді басқару сияқты ортақ құндылықтарға, сондай-ақ экономикалық және сауда мүдделеріне негізделген берік көпір құруды жалғастыру аса маңызды».

Іс-шара барысында референдум нәтижесінде сайлаушылардың жоғары белсенділігі мен конституциялық реформаны қолдауы қоғамның неғұрлым есеп беретін және теңгерімді басқару жүйесіне сұранысының артқанын көрсететіні атап өтілді. Сонымен қатар сарапшылар реформаларды дәйекті іске асырудың шешуші маңызын атап өтті.

Мэрилин Джозефсон, Еуропалық кеңес Президентінің Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі кеңесшісі, былай деді:

«Конституциялық референдум Қазақстанның дамуындағы маңызды кезең болып табылады. Азаматтардың белсенді қатысуы инклюзивті және орнықты реформаларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Халықаралық серіктестер бұл өзгерістер тұрақтылық пен ашықтықты арттырады деп күтеді, бұл ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады. Бүгінгі талқылау реформалардың бағыты мен олардың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді».

Альберто Тюркстра, «Diplomatic World» баспасының жобалар жөніндегі директоры, референдумды бақылаған тәуелсіз сарапшы ретінде реформаларға жан-жақты баға берді:

«Конституциялық реформа Қазақстанның дамуындағы шешуші кезеңді білдіреді, неғұрлым теңгерімді, есеп беретін және инклюзивті басқару жүйесін бекітіп, адам капиталына, инновациялар мен білімге негізделген болашаққа бағытталған негіз қалайды».

Талқылаудың жеке бөлігі Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастарға арналды. Қатысушылар конституциялық өзгерістер инвесторлардың сенімін арттыруға, реттеудің болжамдылығын күшейтуге және кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталғанын атап өтті.

Қатысушылар реформаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Қабылданған өзгерістер дәйекті түрде жүзеге асырылып, елдің институционалдық жүйесін нығайтып, Астана мен Брюссель арасындағы сенім мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді деген сенім білдірілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1204882?lang=kk