Португалия жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер дәуірінде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін растайды
21.04.2026 08:10:37 273
Лиссабон, 2026 жылғы 20 сәуір – Қазақстан-Португалия ынтымақтастығын дамытудың ағымдағы процестеріне серпін беру мақсатында Қазақстан Елшісі Жан Ғалиев Португалия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат жөніндегі бас директоры Элена Малкатамен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында жоғары мәртебелі дипломат Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар, елдің экономикалық дамуы, сондай-ақ Астананың халықаралық мәселелерді шешудегі белсенді рөлі туралы егжей-тегжейлі хабардар етілді.
Португалдық дипломаттың назары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына аударылды. Бұл бастама тұрақты даму саласындағы халықаралық күн тәртібімен үндеседі және экономикасы су ресурстарымен тығыз байланысты Португалия үшін ерекше қызығушылық тудырады. Жалпы, көпжақты дипломатияның шешуші маңызын атап өткен Лиссабон халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде Астанамен тығыз іс-қимыл жасауды көздейді.
Еліміздің қарқынды дамуы, оның Орталық Азия өңіріндегі Еуропалық Одақтың негізгі серіктесі ретіндегі мәртебесінің нығаюы және әлемнің жетекші экономикалары тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың артуы тұрғысында екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Тараптар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығы туралы ортақ пікірге келді. Тікелей «әуе көпірін» орнату іскерлік байланыстарды жандандырудың, туристік алмасуды кеңейтудің және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың негізгі факторы болатыны атап өтілді.
Бас директор сондай-ақ Республика Ассамблеясының депутаттарымен тығыз іс-қимыл жасау арқылы парламенттік дипломатияны белсендіру бойынша Қазақстан Елшілігінің күш-жігерін құптады. Ол Португалия Парламентінің қазіргі құрамы екіжақты деңгейде де, халықаралық және өңірлік ұйымдардың парламенттік ассамблеялары шеңберінде де сыртқы байланыстарды нығайтуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Кездесу соңында дипломаттар жаңа бастамалар мен жобаларды ілгерілету арқылы серіктестікті сапалы жаңа деңгейге шығаруға дайын екендіктерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-lisbon/press/news/details/1204857?lang=kk