ШЫМКЕНТ: ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТЫП, ІРІ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

ШЫМКЕНТ: ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТЫП, ІРІ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

21.04.2026 13:16:45 256

Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары  Ермек Тұрманов инвестициялық көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 111,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі – 103,2 млрд теңге жеке инвестициялар есебінен қалыптасты. Бұл кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын көрсетеді.

Тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша да оң үрдіс байқалады. Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен жоспарға сәйкес, 2026 жылы қалаға 183 млн АҚШ долларын тарту көзделген. 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 127,7 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 58,1%-ы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған, бұл саланың экономикалық құрылымдағы басымдығын айқындайды.

Алдағы жылдары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқыны күшеймек. 2026–2030 жылдар аралығында жалпы құны 4,46 трлн теңгені құрайтын 164 жоба іске асырылып, 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 3,7 трлн теңгеге 115 жоба жүзеге асырылып, 9 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Қалада ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Олардың қатарында «Кока-Кола Алматы Боттлерс» зауыты, «Wan Sheng Ceramic» керамика өндірісі, «QazAlPack» алюминий қаптама өндірісі бар. Сонымен қатар мұнай-химия, жылыжай шаруашылығы, медицина және қайта өңдеу салаларындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылу үстінде.
Атап айтқанда, «INTERTRANS C.A.» компаниясының мұнай-химия зауыты, «Alsera KZ» және «Fabe-Agro» жылыжай кешендері, сондай-ақ көпсалалы аурухана құрылысы сынды ірі жобалар алдағы жылдары іске қосылады деп жоспарлануда.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласында инвестициялық ахуал жақсарып, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және қаланың экономикалық әлеуетінің артуына негіз болуда.

Толығырақ:  https://youtube.com/live/j_6SIL-Uhyo?feature=share


#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ