МОҢҒОЛИЯНЫҢ БАЯН-ӨЛГЕЙ АЙМАҒЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ КОНСУЛДЫҚ МЕКЕМЕСІН АШУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

МОҢҒОЛИЯНЫҢ БАЯН-ӨЛГЕЙ АЙМАҒЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ КОНСУЛДЫҚ МЕКЕМЕСІН АШУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

21.04.2026 17:22:19 152

Қ.Тоқаев: Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға келістік. Атап айтқанда, біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік. Мұны, шын мәнінде, бауырлас әрі тарихы тамырлас елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай келетін маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ бұл моңғол елінің қазақ халқына деген ізгі ниеті мен шынайы достық көңілінің айқын көрінісі екені сөзсіз. Біз бұл шешімді жоғары бағалаймыз. Осы орайда, мен Президент Хурэлсух мырзаға зор алғысымды айтқым келеді. Жалпы, сапар барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Бүгін жасалған келісімдер екі елдің алыс-берісін жандандыра түсетіні сөзсіз. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр 130 миллион доллар болып, 7,7 пайызға өсті. Елдеріміздің экономикалық әлеуетін ескерсек, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндігіміз бар. Осы орайда алдағы бірнеше жылда тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу жөнінде меже қойып отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, сауда-саттықтағы тауар түрін кеңейтуіміз керек.

Экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді барынша азайту қажет. Осыдан бір ай бұрын Қазақстанның сауда миссиясы Моңғолияға арнайы сапармен барды. Онда экономикалық байланыстарды әртараптандыруға қатысты маңызды ұсыныстар жасалды. Біз былтыр Еуразия экономикалық одағы мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификацияладық. Бұл құжат елдеріміз үшін көптеген тың мүмкіндікке жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.