Қазақстандағы Ұлттық кітап күніне орай Алжир кітапханалары алғашқы рет қазақ кітаптарын алды
22.04.2026 18:31:42 210
АЛЖИР, 21 сәуір, 2026 ж. Қазақстанның Ұлттық кітап күнін мерекелеу қарсаңында Алжир кітапханаларына алғашқы рет қазақ кітаптары сыйға тартылды. Іс-шара Қазақстан мен Алжир арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, кітап оқуды насихаттауға, әдебиет, баспа және кітапхана ісін қолдауға бағытталған.
Қазақстанның Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжир Ұлттық кітапханасы мен Алжир Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ұлы мешіті (“Жамаа Әл-Жазаир”) Мәдениет орталығының Кітапханасына қазақтың ұлы философы, ақыны, гуманисты Абай Құнанбаевтың туындыларын, сондай-ақ Қазақстан туралы араб және ағылшын тілдеріне аударылған кітаптарды сыйға тартты.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Алжир халықтары арасындағы терең рухани байланыстың символы ретінде ислам тануға мамандандырылған Мәдени орталық Кітапханасының бас оқу залында көрмеге қою үшін қазақтың көрнекті ежелгі философы, түркі сопылығының негізін ұйымдастырушы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің фотосуретті сыйға берілді.
Салтанатты шара барысында Елші кітаптардың халықтар арасындағы интеллектуалдық және рухани көпір ретіндегі шешуші тарихи рөлі туралы айтып, қазақ әдебиеті мен мәдениеті алжирлік оқырмандар мен зерттеушілер арасында қызығушылық тудыратынына сенім білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда 23 сәуірде кітап оқу мәдениетін және әдебиетті қолдау мақсатында Ұлттық кітап күні мерекелеуін атап өтті. Абайдың әділетшілік, заң үстемдігі, ұлттық бірлік туралы көптеген әмбебап идеялары Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясына енгенін ерекше атап өтті.
Ұлы мешіттің Мәдениет орталығы Кітапханасының Бас директоры Фатиха Тежини сыйға тартылған басылымдарға ризашылығын білдірді. Қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, елімізді Ұлттық кітап күнімен құттықтады.
Алжир Ұлы мешіті Мәдени орталығының Вице-ректоры Ғания Ғемрауи Қазақстан басшысының Кітап күнін мерекелеу бастамасын және оның кітап оқуды ұлттың зияткерлік дамуының шешуші элементі ретінде насихаттаудағы күш-жігерін жоғары бағалады.
Алжир Ұлттық кітапханасы Директорының орынбасары Хаят Гунни сыйға тартылған кітаптар кітапхана қорынан лайықты орын алып, қазақ мәдениетіне деген қызығушылықты оятатынын атап өтті. Қазақстандық кітапханалармен ынтымақтастық орнатуды ұсынып, қазақстандық ғалымдарды араб әдебиетінің әлемдегі ең ірі орталықтарының біріне зерттеу жүргізуге шақырды.
Соңында Елші Алжир басшыларын кәсіби мерекелері – Халықаралық кітапханашылар күнімен, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен құттықтады.
Анықтама: Алжир Ұлттық кітапханасы елдегі ең үлкен қоғамдық кітапхана және Алжирдің мәдени және зияткерлік мұрасын сақтаудың ең көне және маңызды орталығы болып табылады. Кітапхана еліне және шетелде басылған баспа және қолжазба материалдарын жинақтап, жүйелеп, ұзақ мерзімді сақтауды жүзеге асыратын ұлттық кітап қоймасы қызметін атқарады. Кітапхана қорында әлемнің негізгі тілдеріндегі 16 миллионға жуық кітап бар, оның ішінде сирек кітаптар, мұрағат құжаттары, XI-XII ғасырлардағы тарихи және мәдени құндылығы жоғары қолжазбалар бар.
Алжир Ұлы мешітінің (“Жамаа Әл-Жазаир”) Мәдени орталығы және оның Кітапханасы Президент Әкімшілігінің тікелей қарамағындағы мемлекеттік мекемелер болып табылады. 2019 жылы ашылған “Жамаа Әл-Жазаир” - әлемдегі үшінші және Африкадағы ең үлкен мешіті. Оның 265 метрлік мұнарасы әлемдегі ең үлкен болып табылады. Ұлы мешіттің Мәдени орталығы 22 мың шаршы метрді алып жатыр және 35 мың адамға дейін сыяды. Ол ұлттық және халықаралық білім беру және ғылыми іс-шараларды өткізу үшін маңызды алаң болып табылады. Онда өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға бағытталған конференциялар, дәрістер, көрмелер, кездесулер өтеді. 2026 жылдың 13 сәуірінде Рим Папасы Лев XIV алғаш рет Алжирдегі Ұлы мешітке барып, Мәдениет орталығында үкімет мүшелері мен дипломатиялық корпустың алдында сөз сөйледі. Соңғы стандарттарға сай жабдықталған кітапхана исламтану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы кең көлемді әдебиеттер жинақтарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ғылыми-зерттеу, білім беру және ақпараттық орталық қызметін атқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-algeria/press/news/details/1206160?lang=kk