2026 жылдан камеральдық бақылау жаңартылады

2026 жылдан камеральдық бақылау жаңартылады

22.04.2026 18:32:19 218

2026 жылдан камеральдық бақылау жаңартылады
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында камеральдық бақылау жүргізу тәртібіне елеулі өзгерістер енгізетін жаңа Салық кодексі күшіне енеді.
Жаңа нормаларға сәйкес, камеральдық бақылау салық есептілігін талдау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың деректерін пайдалану және әртүрлі ақпарат көздеріндегі мәліметтерді салыстыру негізінде жүзеге асырылады. Бұл тәсіл айырмашылықтарды автоматты түрде анықтауға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі — айырмашылықтар туралы бірыңғай хабарламаны енгізу. Аталған хабарлама бұрын қолданылған барлық хабарламалар мен хабардар етулердің орнын басады. Жаңа нысан Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 633 бұйрығымен бекітіліп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл ретте хабарламалар горизонталды мониторингке қатысатын салық төлеушілерге жіберілмейді.
Хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды. Осы кезең ішінде салық төлеуші анықталған бұзушылықтарды жоюға, түзетілген салық есептілігін ұсынуға, қажет болған жағдайда бұрын қайтарылған қосылған құн салығын өсімпұлымен бірге төлеуге, сондай-ақ тиісті салық режиміне қатысты талаптарды орындауға міндетті.
Салық төлеуші айырмашылықтармен келіспеген жағдайда түсіндірме ұсынуға құқылы.
Белгіленген мерзімде хабарлама орындалмаған жағдайда банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату, электрондық шот-фактураларды (ЭСФ) жазуға шектеу қою, сондай-ақ шетелдік интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу сияқты шаралар қолданылады.
Салық төлеуші хабарламаны сот тәртібімен даулай алады. Бұл ретте, шағымның өндіріске қабылданғанын растайтын құжат ұсынылған жағдайда, хабарламаны орындау мерзімі сот қарауы кезеңінде тоқтатылады.
Камеральдық бақылаудың жаңартылған тетіктерін енгізу салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға, цифрлық шешімдердің рөлін күшейтуге және салық есептілігінің сапасына қойылатын талаптарды жоғарылатуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1206051?lang=kk