Қазақстан мен Грекия денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
23.04.2026 18:11:04 234
Афина, 2026 жылғы 22 сәуір – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Вице-министрі Тимур Мұратов басқарған делегациямен бірге Грекияның Денсаулық сақтау министрі Адонис Георгиадиспен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылап, медицина саласындағы уағдаластықтарды практикалық іске асыруға ерекше назар аударды.
Қазақстандық делегацияның Грекияға сапары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен «Қазақстан Республикасында медициналық көмектің сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін нығайту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Сапардың негізгі мақсаты Грекия денсаулық сақтау жүйесінің озық тәжірибелерімен, медициналық қызметтердің сапасын арттыру тетіктерімен, сондай-ақ пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи тәсілдермен танысу болды.
Грекияның Денсаулық сақтау министрі Адонис Георгиадис Қазақстанның халықаралық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы негізгі құжаттардың бірі болып саналатын Алматы декларациясының тарихи маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстанның қарқынды дамуын, елде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, оның ішінде сарапшылар алмасуға, институционалдық байланыстарды дамытуға, бірлескен бастамаларды іске асыруға, сондай-ақ Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Қазақстан Елшісі халық денсаулығын қорғау мәселелері Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық әріптестіктің ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы маңызды рөлін көрсетті. Ол грек тарапына ынтымақтастыққа ашықтығы және жинақталған тәжірибесімен бөлісуге дайын болғаны үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медициналық саладағы қазақстандық-грек ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, соның ішінде бейінді мекемелер, сарапшылық қауымдастықтар және екі елдің салалық құрылымдары арасындағы байланыстарды кеңейтуге өзара ниеттерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1207298?lang=kk