Қазақстан Сыртқы істер министрі Қатар бизнесінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді

Қазақстан Сыртқы істер министрі Қатар бизнесінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді

26.04.2026 18:24:16 161

Доха, 2026 жылғы 26 сәуір – Қатар Мемлекетіне сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Power International Holding» және «Milaha» катарлық компанияларының басшылығымен кездесулер өткізді.

«Power International Holding» компаниясының басшысы Мутаз Әл-Хаятпен келіссөздер барысында энергетика және телекоммуникация салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары қаралды. Газды қайта өңдеу, тасымалдау және электр энергиясын өндіру Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары екені аталып өтті. Е.Көшербаев бұл салалардағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды.

«Milaha» компаниясының бас директоры Фахад Саад Әл-Кахтанимен кездесу аясында тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде мультимодальды тасымалдарды дамытуды, порт инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейтуді және Каспий теңізіндегі қазақстандық порттар арқылы жүк транзитін ұлғайтуды талқылады. Министр Қазақстанның трансконтиненталдық сауда-логистикалық хаб ретіндегі маңызды рөлін, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтудағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) маңызын атап өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды жандандыруға ниетті екендіктерін растап, перспективалы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша диалогты одан әрі дамытуға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1208765?lang=kk