Қазақстандық оқушылар Ұлыбританияда робототехника бойынша абсолютті чемпион атанды

Қазақстандық оқушылар Ұлыбританияда робототехника бойынша абсолютті чемпион атанды

27.04.2026 16:51:27 120

– Хэрогейт (Ұлыбритания), 2026 жылғы 25 сәуір. Хэрогейт қаласында Institution of Engineering and Technology ұйымдастырған беделді халықаралық UK FIRST LEGO League Championship робототехника чемпионаты өтті.

Астана қаласындағы Astrobot робототехника және бағдарламалау орталығының атынан қатысқан оқушылар командасы жоғары нәтиже көрсетіп, бірден екі басты жүлдені жеңіп алды:
— Robot Game санаты бойынша 1-орын;
— жарыстың абсолютті чемпионы атағы.

Чемпионатқа Ұлыбритания, Бразилия, Франция, Германия және Словакия сынды елдерден келген 68 команда қатысты. Бәсекенің жоғары деңгейі қазақстандық команданың жеңісін айрықша маңызды әрі беделді етеді.

Команда құрамында KIS, НЗМ, Физмат, Ardingly және Quantum STEM мектептерінің оқушылары. Жетекшілері – Гизат Маханов, Алишер Улханов және Айдана Сатилда. Қатысушылар инженерлік дайындықтың жоғары деңгейін, шығармашылық ойлау қабілетін және тиімді командалық жұмысты көрсетті.

Аталған чемпионатқа қатысу құқығы командаға ақпан айында Астанада өткен Central Asia FIRST Championship халықаралық турниріндегі табысты өнерінің нәтижесінде берілді.

Робототехника сайысынан бөлек, оқушылар «artifacts.kz» атты Қазақстанның археологиялық жәдігерлерінің онлайн базасын ұсынды. Жоба қорғау барысында қатысушылар зерттеуден бастап техникалық іске асыруға дейінгі толық әзірлеу процесін көрсетті және салалық ұйымдармен өзара байланысын таныстырды.

Жоба қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, тек технологиялық деңгейімен ғана емес, мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесімен де ерекшеленді. Сондай-ақ команда Қазақстанның мәдени келбетін халықаралық деңгейде жарқын түрде таныстыра білді.

Қатысушылар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, қонақтарды қазақ дәстүрлерімен таныстырып, асық ату мен ләңгі секілді ұлттық ойындарды көрсетті. Бұл өз кезегінде қатысушылар мен ұйымдастырушылардың зор қызығушылығын тудырды.

Чемпионат ұйымдастырушылары қазақстандық командаға жоғары дайындық деңгейі мен білім және технология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, дәл осындай білімді әрі бастамашыл жастар елімізді жаңа белестерге жетелеп, оның жетістіктерімен әлемді мақтан еткізеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1209619?lang=kk