Алматының көпжақты дипломатия саласындағы БҰҰ-ның өңірлік хабы ретіндегі рөлін нығайтудың жаңа кезеңі
27.04.2026 16:51:29 183
Бангкок, 2026 жылғы 24 сәуір – БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АзТМЭӘК) 82-сессиясында 52 мүше мемлекет консенсус негізінде Алматы қаласында Орнықты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығын құру туралы қарарды қабылдады.
Қазақстанның БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұханның айтуынша, аталған қарардың қабылдануы бес жылдан астам уақытқа созылған көпжақты келіссөздер үдерісінің және Қазақстан дипломатиясының БҰҰ алаңында әрі БҰҰ АзТМЭӘК-ке мүше мемлекеттермен жүргізген дәйекті жұмысының нәтижесі болды. Осы кезеңде ЭСКАТО-ның 79, 80 және 81-сессияларында үш кезеңдік қарар қабылданды.
Бұл шешімге бастар маңызды кезеңдердің бірі 2024 жылғы қыркүйекте Астанада өткен БҰҰ АзТМЭӘК-тің Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі министрлік конференциясы болды. 2026 жылғы қорытынды кезеңде бастамаға тең авторлар ретінде БҰҰ АзТМЭӘК қарарлары үшін рекордтық көрсеткіш – 21 мемлекет қосылды. Олардың қатарында Армения, Әзербайжан, Бангладеш, Вануату, Грузия, Камбоджа, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Мальдив аралдары, Моңғолия, Непал, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Тимор-Лешти, Тонга, Түркия, Фиджи және Шри-Ланка бар.
Жаңа Орталық Жапония, Қытай, Корея Республикасы, Үндістан және Иранда жұмыс істеп тұрған институттармен қатар БҰҰ АзТМЭӘК-тің алтыншы бейінді мекемесі болады, сондай-ақ қызметкерлер саны бойынша өңірдегі ең ірі институтқа айналады (130 маманға дейін). Оның қызметі Азия-Тынық мұхиты өңірінде мемлекеттік және қоғамдық басқаруды цифрлық трансформациялауға жәрдемдесуге, цифрлық алшақтықты қысқартуға, сондай-ақ технологиялар мен озық тәжірибемен алмасу арқылы ең аз дамыған елдерге, теңізге шығатын жолы жоқ мемлекеттерге және шағын аралдық дамушы мемлекеттерге қолдау көрсетуге бағытталады. Өз форматы бойынша Орталық озық цифрлық шешімдердің халықаралық депозитарийіне айналады.
Бұл шешімнің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қабылдануы символдық мәнге ие. Орталықтың Алматыда ашылуы Қазақстан үшін технологиялар мен халықаралық сараптаманы тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады, Алматының БҰҰ-ның өңірлік хабы ретіндегі рөлін нығайтады және халықаралық әріптестікті кеңейтеді. Сонымен қатар бастама IT-қызметтер экспортын ұлғайтуға және отандық әзірлемелерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге жағдай жасайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1209602?lang=kk