“Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру акциясы басталды

“Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру акциясы басталды

27.04.2026 18:07:45 101

«Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерін қамтыған кең ауқымды экологиялық көгалдандыру акциясы басталды. Бұл бастама қоршаған ортаны жақсартуға, қалалардың экологиялық ахуалын нығайтуға және жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Қостанай қаласында ағаш отырғызу шарасы Триатлон паркінде өтті. Іс-шараға 300-ден астам адам қатысып, бірлесіп 200 түп ағаш отырғызды.

Соңғы төрт жыл ішінде Қостанайда 20 мыңнан астам ағаш отырғызылып, жасыл желек айтарлықтай көбейді. Сонымен қатар, жыл сайын қала көшелері мен саябақтарын кемінде 1 миллион түп біржылдық гүлдер безендіріп, көркем әрі эстетикалық келбет қалыптастыруға үлес қосуда.

2022 жылдан бастап қалада рокарийлер жасау тәжірибесі де қарқынды дамып келеді. Бұл — көпжылдық өсімдіктерден құралған заманауи гүл композициялары. Осы уақыт аралығында жалпы аумағы 23 мың шаршы метрден асатын рокарийлер абаттандырылған.

Биыл да көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады. Жоспар бойынша қарағаш, қарағай, шырша, жөке, қайың, терек, тал және кизильник секілді түрлі ағаш түрлерінен 7 200-ден астам көшет отырғызу көзделген. Бұдан бөлек, шамамен 6 мың шаршы метр рокарий жасалып, 1,2 миллионнан астам біржылдық гүл отырғызылады.

Қосымша ретінде Триатлон паркінде 10 мың қызғалдақ баданасы отырғызылып, фотозона ұйымдастырылды.

Аталған шаралар Қостанайдың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, қаланың көркін арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1209825?lang=kk