40 жылдан астам сапта: генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Қарулы күштердегі қызметін аяқтады
28.04.2026 15:35:49 198
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың әскери қызметтен босатылуына және зейнетке шығуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, салтанатты шара иесінің туған-туыстары қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Сұлтан Камалетдиновке көп жылғы мінсіз қызметі, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан елеулі үлесі және армияны реформалаудың негізгі кезеңдеріне белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.
– Сіз өзіңізді жүйелі ойлайтын, салмақты шешім қабылдайтын әрі бағынысты жеке құрамға сыйлы жоғары кәсіби көшбасшы ретінде көрсеттіңіз. Сіз әрқашан әскери қызметшілердің кейінгі буыны үшін әскери борышты мінсіз орындаудың үлгісі болып қала бересіз, – деп атап өтті ол.
Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі салтанатты түрде өтті. Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Құрмет қарауыл ротасы алып шыққан әскери абыройдың, ар-намыстың және даңқтың нышаны Жауынгерілк тудың жанына барып, еңкейіп басын иді.
Оған құрмет белгісі ретінде «Ел қорғаны» ведомстволық медалі және Қорғаныс министрінің атынан грамота табыс етілді.
Сұлтан Бүркітбайұлы 40 жылдан астам ғұмырын әскери қызметке арнады. Ол Ташкент жоғары танк командалық училищесінің курсантынан бастап Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының бастығына дейінгі лауазымдық жолдан өтті.
Мансабының әртүрлі кезеңдерінде ол жоғары құзыреттілікті, стратегиялық ойлауды, берік мінезді және төзімділікті талап ететін жауапты қызметтерді атқарды. Ол әскери полиция органдарының қызметіне, резервтегі қызметке, аумақтық қорғанысқа және әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауға қатысты негізгі заң жобаларын әзірлеуге және ілгерілетуге атсалысты.
Сұлтан Камалетдиновтың еңбегі I және II дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Қорғаныс ведомствосының басшылығы Сұлтан Бүркітбайұлының бай тәжірибесі мен білімі болашақта кәсіптік салада да, әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде де сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.
Іс-шара соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1210466?lang=kk