Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қолдайды

Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қолдайды

28.04.2026 20:43:23 182

2026 жылғы 27 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) штаб-пәтерінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы мемлекеттердің Шолу конференциясы өз жұмысын бастады. Бұл – ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы ең маңызды халықаралық келісімдердің бірі, ал оның Шолу конференциясы қазіргі таңда халықаралық шиеленістің өсуі, өңірлік қақтығыстар және қару-жарақты бақылау жүйесінің әлсіреуімен сипатталатын аса күрделі жағдайда өтуде.

Жалпы саяси пікірталас аясында ұлттық деңгейде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасының ЯҚТШ режимін нығайту және ядролық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған практикалық әрі шынайы шараларды ілгерілету жолын дәйекті түрде қолдап келе жатқанын атап өтті. Қазақстанның ұстанымы оның тарихи тәжірибесіне негізделген: Семей ядролық сынақ полигонын жабу және ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту – бұл қадамдар халықаралық қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға қосылған маңызды үлес болып қала береді. Осы тұрғыда делегация басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыру жөніндегі бастамасының өзектілігін атап өтті.

Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың (Семей шарты) төрағасы ретінде Қазақстанның жеке мәлімдемесінде аймаққа қатысушы мемлекеттердің жаһандық ядролық қарусыздану режимін нығайтуға қосқан үлесі атап өтілді. Шарттың Семей қаласында қол қойылғанына 20 жыл толуына орай, аймақ мемлекеттері аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға және ядролық қарудан азат жаңа аймақтарды құруға шақырды.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы делегациясының басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Изуми Накамицумен, сондай-ақ бірқатар шетелдік делегациялар басшыларымен халықаралық қауіпсіздік саласындағы өзекті күн тәртібін талқылау мақсатында кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Конференцияның Екінші Бас комитетінің төрағасы функцияларын атқаруда. Аталған комитеттің мандатына таратпау мәселелері, өңірлік мәселелер және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің кепілдіктері кіреді.

ЯҚТШ Шолу конференциясы халықаралық қауіпсіздік саласындағы негізгі іс-шаралардың бірі болып табылады, оның барысында қатысушы мемлекеттер Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына шолу жасап, қазіргі жағдайларда режимді нығайтудың жолдарын талқылауды жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1210912?lang=kk