Қазақстан мен Дания екіжақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін белгіледі

Қазақстан мен Дания екіжақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін белгіледі

29.04.2026 08:36:48 165

Копенгаген қ., 2026 ж. 27–28 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Қуантыровтың Дания Корольдігіне жұмыс сапары өтті.

Сапар ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі А.Бердалин, «Бәйтерек «ҰИХ» АҚ, «Samruk-Kazyna Invest», «Kazakhstan Investment Development Fund» және «Kazakh Invest» қоса алғанда, мемлекеттік органдар мен жетекші ұлттық қаржы және инвестициялық институттардың өкілдері кіретін өкілді ведомствоаралық делегацияның басшылығында жүзеге асырылды.

Ресми бағдарлама барысында Данияның Сыртқы істер министрлігінде екіжақты кездесулер өтті.

Министрдің орынбасары Дания СІМ Сауда және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Лина Хансенмен кездесу өткізді, оның аясында тараптар қазақ-дат сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Даниялық инвестицияларды тартуға және жаңартылатын энергетика, «жасыл» технологиялар, су шешімдері, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, цифрлық мемлекеттік басқару және жасанды интеллект сияқты басым секторлардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, дат компаниялардың Қазақстанға сауда миссиясын ұйымдастыру жоспарлары талқыланды.

Мемлекеттік хатшының орынбасары – Дания СІМ Саяси мәселелер жөніндегі директоры Е.Барлосемен кездесу барысында екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Дат тарапы Данияның сыртқы саяси және сауда-экономикалық күн тәртібіндегі Орталық Азия аймағының өсіп келе жатқан маңыздылығын растады және 2026 ж. тамыздан бастап қызметке кірісетін Орталық Азия елдеріндегі арнайы өкілі Ларс Туесенді таныстырды.

Тараптар сондай-ақ сауда, инвестициялар және іскерлік белсенділік үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыруға келісті.

Сапардың жеке блогы агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналды. ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі А.Бердалин Данияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ Данияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік жөніндегі кеңесінің басшылығымен кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар сүтті мал шаруашылығында озық дат технологияларын енгізу перспективаларын, соның ішінде дат селекцияның жоғары өнімді асыл тұқымды сүтті малын импорттау жоспарларын талқылады. Ветеринариялық қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, аграрлық өнімдердің өзара саудасын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне даниялық инвестицияларды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-stockholm/press/news/details/1210925?lang=kk