ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
05.05.2026 20:03:20 221.jpeg)
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Бекмағамбетұлы 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырды.
Басқарма басшысы Ролан Бекмағамбетұлының мәліметінше, қаладағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Қонаев даңғылының жалғасы құрылысы қарқынды жүзеге асуда. Жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайтын нысанның 1, 3, 4-кезеңдері бұған дейін пайдалануға берілсе, 2025 жылы 2-кезеңі толық аяқталды. Қазіргі таңда 5-кезеңнің құрылысы жалғасып жатыр. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, ұзындығы 31 шақырым болатын А-2 автомобиль жолын қайта құру жобасы да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бүгінде 1–4 кезеңдер пайдалануға беріліп, 6 және 8 кезеңдер аяқталған, ал 5 және 7 кезеңдердің құрылысы жүргізілуде.
Қалаішілік жолдарды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағын аудандарын байланыстыратын жол және Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын 6 көше мен 1 көпірге күрделі жөндеу жүргізіліп, оның ішінде 4 көше мен Қойкелді батыр көшесіндегі көпір ел игілігіне тапсырылды.
2025 жылы 323 көшеде жалпы 201 шақырымды қамтитын орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жолдарды күтіп ұстау және қауіпсіздік бағытында да нақты нәтижелер бар. 201 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылып, 2 291 көшеге түнгі жарық шамдар орнату арқылы жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Сонымен қатар, 1 000 шақырым жол таңбасы сызылып, 100 шақырым тротуар салынған. 310 жол құдықшасы ауыстырылып, 32 жаңа бағдаршам орнатылды. Тағы 98 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылып, қала бойынша ITS жүйесімен қамту деңгейі 88 пайызды құрады (жалпы 395 нысанның 346-сы қосылған).
Бағдаршамдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 24 орында жаңарту жүргізіліп, 72 нысанға жаңа тоқтаусыз қуат көздері орнатылды. Нәтижесінде 96 бағдаршам осындай жүйемен қамтылды. 2026 жылы тағы 15 нысанды қамту жоспарланып отыр. Осылайша, Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздікті арттыру және көлік қозғалысын оңтайландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Толығырақ: https://youtube.com/live/V2OBzCtWlbo?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ