Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Қадірлі отандастар!

Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Қадірлі отандастар!

09.05.2026 15:54:07 25

Сіздерді Жеңіс күнімен құттықтаймын!

Баршамыз бұл мерекені 1941–1945 жылдардағы соғыс кезінде Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалған халықтың ерлігі, қайсар рухы мен асқақ жігерінің символы ретінде қабылдаймыз. Ол миллиондаған адамдардың теңдессіз қаһармандығы, төзімділігі мен жанқиярлығының үлгісі ретінде тарих беттеріне өшпестей жазылып қалды.

Біз бұл күні майданда шайқасқан және тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатқан жандарды ерекше құрметпен еске аламыз.

Қазақстан осынау ортақ іске зор үлес қосты. Жүздеген мың отандасымыз ұрыс даласында ерлік көрсетсе, тыл еңбеккерлері майданды қажетті заттармен қамтамасыз етіп, жанқиярлық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті.

Жеңімпаз ұрпақтың ерлігі – бүгінгі жас буынды кез келген қиындыққа төтеп беруге, Отан тағдырына жауапкершілікпен қарауға және жоғары мұраттарға адал болуға тәрбиелейтін өнеге.

Бүгінде Отан қорғаушылар ата-баба дәстүрін лайықты жалғастыруда. Қарулы күштердің әскери қызметшілері жоғары кәсібилігімен және тәртібімен ұлттық мүдделерді қорғауға дайын екендігін ұдайы дәлелдеп, мемлекеттің қауіпсіздігі мен азаматтардың бейбіт өмірін сенімді қамтамасыз етіп келеді.

Соғыс ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің өмір жолдарыңыз, ерліктеріңіз бен Отанға деген адалдықтарыңыз – жастарды патриоттық тәрбиелеудің берік негізі және Отанға қызмет етудің үлгісі.

Бұл мереке ұрпақтарды біріктіріп, бейбітшілік пен тәуелсіздіктің баға жетпес құнын есімізге салады. Біздің ортақ міндетіміз – тарихи жадымызды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту.

Осы мереке күні барлық соғыс ардагерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ал барша қазақстандықтарға амандық, бақ-береке, бірлік және ашық аспан тілеймін.

 

Құрметпен, 

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі 

авиация генерал-лейтенанты Д. Қосанов

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217023?lang=kk