Арқалықта «Таза Қазақстан – Таза бұлақ» республикалық форумы өтті
14.05.2026 09:23:28 365
Арқалық қаласында «Таза Қазақстан – Таза бұлақ» республикалық форумы өтті. Ауқымды іс-шараны Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті ұйымдастырды. Форумға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, еліміздің жоғары оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі проректорлары, департамент басшылары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қалалық мәдениет сарайында өткен форумның салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, қатысушыларға университеттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін қамтыған арнайы бейнебаян ұсынылды.
Форумның ашылуында Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Ташимов, ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан және университет ректоры Талғат Ещжанов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының қоғамдағы маңызына тоқталды.
Пленарлық мәжіліс барысында экологиялық мәдениет, жастар тәрбиесі, рухани құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық жауапкершілік тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасалды.
Форумға қатысушылардың бірі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік және азаматтық даму департаменті директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Еркебұлан Нұғыманов мұндай тағылымдық шаралардың жастар тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті.
Форум аясында ғылым, білім және қоғамдық бастамаларға белсенді үлес қосқан қатысушылар Арқалық қаласы әкімінің және университет ректорының алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар белгілі қолөнер шебері, өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдаұлы жастарға ақ батасын беріп, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жөнінде тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.
Пленарлық мәжілістен кейін форум қонақтары университеттің жаңа оқу корпусын аралап, білім ордасының материалдық-техникалық базасымен және инфрақұрылымымен танысты.
«Таза Қазақстан – Таза бұлақ» республикалық форумы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қоғамдық алаңдардың бірі болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1219545?lang=kk