Атырауда алғаш рет таңдай жырығы бар балаға күрделі пластикалық ота жасалды
Конституция

Атырауда алғаш рет таңдай жырығы бар балаға күрделі пластикалық ота жасалды

30.06.2026 19:19:39 152

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Атырау облыстық балалар ауруханасына Алматы қаласындағы Medical Park орталығынан жоғары санатты бет-жақ хирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмағанов арнайы шақырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Маманның қатысуымен өңір дәрігерлеріне арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылып, туа біткен бет-жақ ақаулары бар балаларға күрделі операциялар жасау тәсілдері көрсетілді.

Алғашқы операция бүгін 1 жас 9 айлық балаға жасалды. Дәрігерлер ота сәтті өткенін айтып, мұндай тәжірибе алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

-Қазір облыста бет-жақ сүйектерінде түрлі ауытқуы бар 300-ге жуық бала есепте тұр. Соның ішінде таңдай жырығы диагнозы қойылған балаларға дер кезінде ота жасау олардың дұрыс тамақтануы мен сөйлеу қабілетінің қалыптасуына оң әсер етеді.

28-30 мамыр аралығында өтетін шеберлік сабағы аясында жалпы саны 12 операция жасау жоспарланған. Күніне төрт ота жасалады. Сонымен қатар, 28-29 мамыр күндері профессор Серік Нұрмағанов пациенттерді қабылдап, кеңес береді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Айта кетейік, бұл бастама Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында былтыр басталып, дәстүрлі жобаға айналуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231859?lang=ru