Салық берешегі: уақтылы төленбеген жағдайда қандай шаралар қолданылады?
12.07.2026 01:34:33 239
Салық берешегі: уақтылы төленбеген жағдайда қандай шаралар қолданылады?
Салықтар мен әлеуметтік төлемдерді уақытында төлемеу өсімпұлдың есептелуіне ғана емес, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өндіріп алу шараларының қолданылуына да әкелуі мүмкін.
Бірінші кезең – хабарлама жіберу
Берешек туындаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары оны өтеу қажеттілігі туралы хабарлама жолдайды. Кәсіпкерлік субъектілері үшін салық берешегі 20 АЕК-тен, ал әлеуметтік төлемдер бойынша берешек 6 АЕК-тен асқан кезде хабарлама жіберіледі. Берешекті ерікті түрде өтеуге 10 жұмыс күні беріледі.
Шектеу шаралары
Егер берешек белгіленген мерзімде өтелмесе, салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында келесі шаралар қолданылуы мүмкін:
▪ банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
▪ касса бойынша шығыс операцияларын шектеу;
▪ екінші деңгейдегі банктерге инкассалық өкімдер жолдау.
Шетелге шығуды уақытша шектеу
Заңды тұлғалардың басшылары мен жеке кәсіпкерлердің үш айдан астам уақыт өтелмеген берешегі болған жағдайда, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.
Мәжбүрлеп өндіріп алу
Берешек ерікті түрде өтелмеген жағдайда мемлекеттік кірістер органдары келесі қосымша өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы:
▪ берешекті банк шоттарынан өндіріп алу;
▪ дебиторлық берешек есебінен өндіріп алу;
▪ мүлікке билік ету құқығын шектеу және оны заңнамада белгіленген тәртіппен өткізу.
Жеке тұлғалар үшін
Салық берешегі 1 АЕК-тен асқан жағдайда салық бұйрығы шығарылып, ол заңнамаға сәйкес орындау үшін сот орындаушыларына жіберіледі.
Борышкерлер туралы мәліметтерді жариялау
Бюджет алдында берешегі бар салық төлеушілер туралы ақпарат заңнамада белгіленген тәртіппен ашық қолжетімді дереккөздерде орналастырылады.
Жағымсыз салдардың алдын алу үшін:
- салық міндеттемелерін уақытылы орындаңыз;
• берешектің бар-жоғын тұрақты түрде тексеріңіз;
• өсімпұлдардың есептелуін бақылаңыз;
• бюджетпен есеп айырысу туралы өзекті ақпарат алу үшін «e-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» сервистерін пайдаланыңыз.
Уақтылы төленген салықтар – мемлекет алдындағы міндетті орындау ғана емес, қаржылық және әкімшілік шектеулердің алдын алудың кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zko/press/news/details/1248065?lang=ru