Қарағанды облысы Словакия Республикасымен стратегиялық серіктестікті нығайтуда
12.07.2026 03:43:29 209
23 маусым күні Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бастаған Қарағанды облысының делегациясы Словакия Республикасының Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесіне жұмыс сапарымен барды. Сапар Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге бағытталды.

Делегация құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар энергетика, металлургия және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейтін Қарағанды облысының кәсіпкерлері де кірді. Сапар аясында өткен бизнес-форум екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасында тікелей байланыс орнатуға, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын айқындауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.
Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қарағанды облысының делегациясы Словакияның мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірқатар мазмұнды кездесу өткізді. Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанна Сағынованың жәрдемдесуімен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің төрағасы Ондрей Лунтермен, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мужило мырзамен және Словакия Республикасы Президентінің Банска-Бистрица өлкесіндегі өкілі Фрич мырзамен келіссөздер ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту, іскерлік байланыстарды жандандыру және екі елдің өңірлері арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру және өңірлік даму бағыттарындағы өзара іс-қимылдың келешегі қарастырылды.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі арасында өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды. Бұл құжат ұзақ мерзімді серіктестікті жүйелі түрде дамытуға және ортақ бастамаларды іске асыруға берік негіз қалайды.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов пен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы төрағасы Мужило мырза қол қойды. Меморандум іскерлік байланыстарды дамытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған.

Білім беру саласында Матей Бел университеті мен академик Е. Ә. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа қол қою рәсіміне университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Дулатбеков қатысты. Келісім студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ білім беру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді.
24 маусым күні Қарағанды облысының делегациясы Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесіндегі жұмыс сапарын жалғастырып, электроника, металлургия, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейтін бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты. Кездесулер барысында словак компанияларының өндірістік әлеуеті мен инновациялық шешімдері таныстырылып, екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Келіссөздер қорытындысында бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жан-жақты пысықтау жөнінде алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сапар барысында Қазақстан нарығында Қарағандыдағы «АлемГаз» компаниясымен әріптестік аясында табысты жұмыс істеп келе жатқан Adrian Group компаниясының қызметіне ерекше назар аударылды. Тараптар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ делегация жеке индустриялық-өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысып, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру мен дамыту тәжірибесі бойынша пікір алмасты. Кездесу барысында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндірістік инфрақұрылымды дамыту тетіктері қарастырылды. Тараптар индустриялық алаңдарды дамытудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, словак тарапының тиімді тәжірибесінің бірқатар элементтерін Қарағанды облысындағы индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтарды одан әрі дамыту барысында пайдалану жоспарланып отырғанын атап өтті.

— Біз Словакия Республикасын Еуропалық одақтағы маңызды стратегиялық серіктесіміз ретінде бағалаймыз. Қол қойылған құжаттар экономика, білім беру және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалайды. Қол жеткізілген келісімдер жаңа бірлескен жобалардың жүзеге асуына серпін беріп, өңірлеріміз арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген байланыстарды одан әрі нығайтады деп сенеміз, - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тараптар Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендіктерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1248295?lang=ru