Домбыра күні Еуропа астанасында аталып өтті
14.07.2026 06:32:23 222
Брюссель, 2026 жылғы 3 шілде. Ұлттық домбыра күні қарсаңында Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде дипломаттар, отандастар, студенттер мен Қазақстанның бельгиялық достарынан құралған «DOMBRAssadors» ансамблі өнер көрсетті.
Ансамбль орындауында «Ерке сылқым», «Әлқиса», «Ата толғауы», «Балбырауын» және «Сұлу қыз» шығармалары орындалды. Домбыра, жетіген, сазсырнай, қобыз, шаңқобыз және дауылпаз секілді қазақтың ұлттық аспаптарының гобой, скрипка және аккордеонмен үйлесімді үндесуі ерекше әсер қалдырды. Бұл шығармашылық бастама музыканың түрлі мәдениеттер мен ұрпақтарды жақындастыратын ерекше күшін тағы бір мәрте паш етті.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко: «Домбыра – халқымыздың жаны, тарихы мен ұрпақтар сабақтастығының символы. Ұлттық домбыра күні қарсаңында оның үні Еуропаның жүрегінде шырқалып жатқаны ерекше мәнге ие. Музыканың шекарасы жоқ, ал домбыра арқылы біз қазақ мәдениетінің бір бөлшегін таныстырып, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтып келеміз», – деп атап өтті.
2026 жылы Бельгияда екі қазақ мәдени орталығы ашылды. Онда балалар мен қазақ диаспорасының өкілдері қазақ тілін үйреніп, домбыра тартуды меңгеріп, ұлттық би мен қазақтың салт-дәстүрімен танысып келеді. Бұл орталықтардың қызметі ұлттық болмысты сақтауға және Қазақстанның бай мәдени мұрасын Бельгияда кеңінен насихаттауға үлес қосып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1253589?lang=ru