Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы ДЗМҰ Ассамблеялары аясында бірқатар кездесу өткізді

Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы ДЗМҰ Ассамблеялары аясында бірқатар кездесу өткізді

15.07.2026 12:36:28 383

2026 жылғы 7–10 шілде аралығында Женева қаласында өткен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-сериясы аясында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Абдреева ДЗМҰ құрылымдарының өкілдерімен алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына арналған бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.

8 шілдеде ДЗМҰ-ның Өтпелі және дамыған экономикасы бар елдер бөлімі директоры Хабиб Асанмен кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық бағыттары, оның ішінде ұлттық зияткерлік меншік жүйесін одан әрі дамыту, бірлескен бастамаларды іске асыру және Қазақстанның Ұйымның өңірлік ынтымақтастық тетіктеріне қатысу мәселелері талқыланды.

Келіссөздердің жеке блогы зияткерлік меншік құқықтарын сот арқылы қорғау мәселелеріне арналды. 8 шілдеде ДЗМҰ Сот институтының өкілімен өткен кездесуде Қазақстанның Ұйымның сот саласындағы бастамаларына белсенді қатысуын ескере отырып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттары қарастырылды. Биыл Қазақстан алғаш рет ДЗМҰ Судьялардың консультативтік кеңесінің құрамына енгені, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің судьяларына арналған салалық іс-шаралар шеңберінде ДЗМҰ-мен өзара іс-қимылды жалғастырып отырғаны атап өтілді.

Сол күні ДЗМҰ-ның Патенттік кооперация туралы шарт (PCT) жөніндегі департаментінің өкілдерімен де кездесу өтті. Онда Қазақстан Республикасының өтінім берушілері тарапынан халықаралық өтінімдер беру мәселелері, сондай-ақ осы бағыттағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

9 шілдеде ДЗМҰ Академиясының өкілдерімен өткен кездесуде ДЗМҰ-ның өңірлік оқу-тренинг орталығын құру жөніндегі қол қойылған Ниеттер туралы хатты іске асырудың келесі кезеңдері қарастырылды. Аталған орталық өңір елдері үшін зияткерлік меншік саласындағы мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу алаңына айналмақ.

Кездесулер барысында авторлық құқық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. 9 шілдеде ДЗМҰ-ның Қолжетімді кітаптар консорциумының (Accessible Books Consortium) өкілдерімен өткен кездесуде Марракеш шартын іске асырудың практикалық аспектілері, сондай-ақ көру қабілеті бұзылған және баспа ақпаратын қабылдау мүмкіндігі шектеулі адамдардың шығармаларға қолжетімді форматтар арқылы қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланды. Осы күн тәртібінің жалғасы ретінде 10 шілдеде Шолпан Абдреева авторлық және сабақтас құқықтарды цифрлық басқаруға арналған WIPO Connect іс-шарасына қатысты.

Бұдан бөлек, Ассамблеялар аясында ДЗМҰ-ның бейінді құрылымдарының өкілдерімен одан әрі практикалық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар жұмыс кездесулері өткізілді.

Өткізілген кездесулер Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, өңірлік үйлестіруді кеңейтуге және сот, білім беру, патенттік және авторлық құқық салаларындағы практикалық бастамаларды ілгерілетуге бағытталды.

Ассамблеялардың осы сериясы аяқталғаннан кейін Орталық Азия, Кавказ және Шығыс Еуропа елдері тобының (ОАКШЕ) үйлестіру қызметі Қазақстанға өтеді. Бұл еліміздің зияткерлік меншік саласындағы ортақ өңірлік күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-kis/press/news/details/1256757?lang=ru