Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының Үндістан Республикасының Елшісімен кездесуі
25.07.2026 13:41:03 310
Астана, 2026 жылғы 24 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Я.К. Сайлас Тангалмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қазақ-үнді стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіліктерін растады.
БРИКС аясындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Е.Ашықбаев үнді тарапын «Төзімділікті, инновацияларды, ынтымақтастық пен орнықты дамуды нығайту» ұранымен өтіп жатқан 2026 жылғы бірлестікке төрағалығымен құттықтап, белгіленген күн тәртібінің табысты іске асырылатынына сенім білдірді.
Қазақстанның БРИКС серіктес елі ретінде сауда және инвестициялар, көлік байланыстылығы, цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика және орнықты даму сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға іс жүзіндегі үлес қосуға дайын екені аталып өтті.
Сондай-ақ, тараптар ү.ж.12-13 қыркүйекте Нью-Дели қаласында өтетін XVIII БРИКС саммитіне дайындық мәселелері, оның ішінде алдағы іс-шараның мазмұндық және ұйымдастырушылық аспектілері бойынша пікір алмасты.
Екіжақты күн тәртібі аясында сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды, оның ішінде энергетика, көлік және логистика, аса маңызды минералдар, цифрлық технологиялар, фармацевтика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды.
Көпжақты ынтымақтастық тұрғысында Е.Ашықбаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті және Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастамалары туралы хабардар етіп, Үндістанның оларға қолдау білдіретініне үміт артты. Тараптар сондай-ақ АӨСШК-ні одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-үнді стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1263651?lang=ru