«Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» МКК қызметтерін тұтынушылардың назарына!

«Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» МКК қызметтерін тұтынушылардың назарына!

30.07.2026 17:29:09 236

Бұған дейін «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ магистральдық газ құбырында жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізетіні туралы хабарланған болатын.

Осыған байланысты, қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау және ыстық су беру қызметінің тоқтатылу мерзімін барынша қысқарту мақсатында, «Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» МКК 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында магистральдық және тарату жылу желілеріне жоғары қысыммен дәстүрлі күзгі гидравликалық сынақтар (опрессовка) жүргізеді.

Барлық жылу көздерінің жұмысы 2026 жылғы 1 тамыз сағат 00:00-ден бастап тоқтатылады. Гидравликалық сынақтар аяқталып, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ тарапынан табиғи газ беру қайта басталғаннан кейін тұтынушыларға ыстық су беру 2026 жылғы 17 тамыздан бастап қалпына келтіріледі.

Назар аударыңыздар!

Магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты ЖЭО-дан жылумен қамтамасыз етілетін 167 көппәтерлі тұрғын үйді қосу жеке кесте бойынша жүзеге асырылады. Бұл туралы тұрғындарға қосымша хабарланады.

Маңызды!

Гидравликалық сынақтар жүргізілетін кезеңде ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелеріне, ПИК, МИБ, қарапайым серіктестіктердің төрағаларына, басқарушы компанияларға, қызмет көрсетуші ұйымдарға және өзге де меншік иелеріне:

* ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін гидравликалық сынақтарға алдын ала дайындауды;

* ішкі жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйелерін сыртқы жылу желілерінен сенімді түрде ажыратуды;

* тиек арматурасының, компенсаторлардың және өзге де жабдықтардың жарамдылығын тексеруді;

* ішкі инженерлік желілердің жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізуді;

* жабдықтардың бүлінуіне, құбырлардың жарылуына, үй-жайлардың су басуына және авариялық жағдайлардың туындауына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды сұраймыз.

«Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» МКК тұрғындар мен ұйым басшыларынан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1266221?lang=ru