Қазақстан мен Малайзияның іскер топтары арасындағы ынтымақтастық нығаюда

Қазақстан мен Малайзияның іскер топтары арасындағы ынтымақтастық нығаюда

31.07.2026 08:37:06 218

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 29 шілде – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Малайзия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының жаңадан сайланған басшылығымен кездесті. Кездесуге Палата президенті Норсяхрин Хамидон, вице-президенті Дзахир Джамудин және ұйым мүшелері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары талқыланды. Екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстарды кеңейтуге, бизнес-миссиялар ұйымдастыруға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Қазақстан Елшісі 2025 жылы Малайзияның Малай сауда палатасының Қазақстандағы өкілдігінің ашылуы екіжақты іскерлік ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Өкілдіктің қызметі Қазақстан нарығына шығуға, жергілікті серіктестер табуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі малайзиялық компанияларға практикалық қолдау көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар екі елдің іскерлік бірлестіктері арасындағы институционалдық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды. Тараптар Малайзия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы, Малайзияның Малай сауда палатасы және Қазақстанның бизнес-қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін растады. Сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін өңірлік өндірістік, логистикалық және инвестициялық орталық ретіндегі әлеуетін кеңінен пайдалану мәселесі талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша жаңа серіктестік байланыстар орнату және келешегі зор бірлескен жобаларды пысықтау мақсатында Малайзияның Малай сауда палатасы делегациясының Қазақстанға сапарын осы жылдың соңына дейін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу тараптардың экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беруге өзара мүдделі екенін көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1266382?lang=ru