Инженерлік-саперлік бригада әскери қызметшілері кәсіби машықтарын жетілдірді

Инженерлік-саперлік бригада әскери қызметшілері кәсіби машықтарын жетілдірді

06.08.2026 13:26:45 183

Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес Қонаев гарнизонындағы «Жағалау» полигонында 58012 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жару ісі бойынша практикалық сабақтарға кірісті.

Сабақтарға 50-ден астам әскери қызметші, оның ішінде теориялық курсты меңгергеннен кейін алғашқы тәжірибелік даярлық кезеңінен өтіп жатқан 30 мерзімді қызмет әскері қатысты.

Олар жару жұмыстарын отпен және электрлік тәсілдермен орындау тәртібін, жару құралдарының құрылымын және оларды қолдану ерекшеліктерін меңгерді. Практикалық тапсырмаларды орындаудың барлық кезеңінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Іс-шаралар тәжірибелі офицерлер мен нұсқаушылардың басшылығымен ұйымдастырылды. Сабақ барысында әскери қызметшілер алған теориялық білімдерін тәжірибеде бекітіп, алғашқы оқу жарылыстарын орындады.

– Жару ісі – әскери инженерді даярлаудың негізгі бағыттарының бірі. Әрбір әскери қызметші жарудың түрлі тәсілдерін сенімді меңгеріп, жарылғыш заттарды қолдану тәртібін жетік білуге және қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін сапалы орындау үшін қажетті машықтар тек жан-жақты практикалық даярлық барысында қалыптасады, – деді инженерлік-саперлік батальонның командирі майор Нұрберген Жұланов.

Жару ісі бойынша практикалық сабақтарды өткізу инженерлік-саперлік бөлімшелерді даярлауда маңызды орын алады. Мұндай жаттығулар әскери қызметшілердің кәсіби машықтарын жетілдіріп, күрделі инженерлік міндеттерді орындау кезінде қажет жауапкершілік пен өз күшіне деген сенімін қалыптастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1269786?lang=ru