Заңнама банкроттықты басқарушылардың қызметіне ақы төлеу кепілдіктерін күшейтеді

Заңнама банкроттықты басқарушылардың қызметіне ақы төлеу кепілдіктерін күшейтеді

06.08.2026 16:50:39 190

   Қазақстан Республикасы Парламенті банкроттық рәсімдеріндегі әкімшілердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған оңалту және банкроттық мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді мақұлдады.

     Банкроттықты басқарушы борышкердің мүліктік массасын қалыптастырады, оның қаржылық жағдайына талдау жүргізеді, мүлкін өткізуді және кредиторлармен есеп айырысуды жүзеге асырады. Алайда банкроттың мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда басқарушының негізгі сыйақысын төлеу мәселесі шешілмей қалуы мүмкін еді.

     Банкроттық туралы заңнаманы жетілдіру және банкроттық рәсімдерін жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына өзгерістер енгізілді.

     Атап айтқанда, банкроттықты басқарушыға төленбеген негізгі сыйақыны үш айдан аспайтын кезең үшін өндіріп алу тетігі бекітілді. Бұл өндіріп алу банкроттың лауазымды адамдары заңнама талаптарын бұзған және борышкердің мүлкі кредиторлармен есеп айырысуға жеткіліксіз болған жағдайларда оларды субсидиарлық жауаптылыққа тарту есебінен жүзеге асырылады.

     Енгізілген түзетулер банкроттықты басқарушылардың құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз етеді, банкроттық рәсімдерін сапалы жүргізуге деген мүдделілікті арттырады, сондай-ақ заңнамада белгіленген міндеттерді орындамағаны үшін борышкердің лауазымды адамдарының жауаптылығын күшейтеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1269992?lang=ru