Маңғыстауда туристік нысандар мен жағажай иелеріне арналған семинар-кеңес өтті
06.08.2026 18:08:57 129
2026 жылғы 29 мамырда Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында өңірдегі туристік нысандар мен жағажайлардың меншік иелеріне арналған семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Туризм басқармасы, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері қатысты.
Семинарға Ақтау және Жаңаөзен қалалары, сондай-ақ Түпқараған және Қарақия аудандарындағы 45 жағажай мен демалыс орнының басшылары онлайн форматта қосылды.
Палата директорының орынбасары Ақиқат Шарапатдинов жүргізген жиында жазғы туристік маусым қарсаңында өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтау, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және туристік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында мамандар демалыс орындары мен жағажайлардың санитарлық жағдайына қойылатын талаптарды, қоғамдық дәретханалардың тазалығын сақтау, жағажай аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жаз мезгілінде жиі кездесетін жіті ішек инфекцияларының, тағамнан уланудың, ботулизм мен паразитологиялық аурулардың алдын алу шараларын жан-жақты түсіндірді.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес нақты жауаптар алып, өзара пікір алмасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-tourism/press/news/details/1270108?lang=ru