Халық денсаулығы – ел дамуының басты негізі
09.08.2026 14:59:38 66
Алдағы Құрылтай сайлауы – ел өміріндегі маңызды саяси науқанның бірі. Оның нәтижесі қоғамның әр саласына, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесінің дамуына да әсер ететіні сөзсіз. Себебі халықтың әл-ауқаты мен денсаулығы – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Соның бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. МӘМС азаматтардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, бұрын қымбат болған диагностикалық тексерулер мен күрделі ем-дом түрлерін алуға мүмкіндік берді. Жоғары технологиялық медициналық көмекке жүгінетін азаматтардың да қатары артты.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңарып, қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бұл өзгерістердің барлығы түптеп келгенде халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Дегенмен салада әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысынан көріп отырғанымыздай, медициналық көмекті қаржыландыру, көрсетілетін қызметтердің сапасы, олардың тарифтерінің нақты шығындарға сәйкестігі, сондай-ақ пациенттер мен медицина мамандарының құқықтарын қорғау бағытында атқарылатын жұмыс жеткілікті.
Сондықтан денсаулық сақтау саласына қатысты заңнаманы жетілдіру – уақыт талабынан туындаған міндет. Заң қабылдағанда сала мамандарының тәжірибесі мен ұсыныстары, дәрігерлер мен пациенттердің нақты қажеттіліктері ескерілуі маңызды.
Осы ретте Құрылтай депутаттарының алдында үлкен міндет тұр деп есептеймін. Елдің әлеуметтік мәселелерін жақсы білетін, халықтың талап-тілегін еститін және кәсіби қауымдастықпен ашық диалог орната алатын заң шығарушылар қажет.
Денсаулық сақтау саласы үнемі өзгерісті қажет ететін бағыттардың бірі. МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын арттыру, медициналық қызметтерді цифрландыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері алдағы уақытта да күн тәртібінде болуы тиіс.
Құрылтай осы мәселелерді талқылап, тиімді заңнамалық шешімдер қабылданатын маңызды алаңға айналады деп сенемін.
Өйткені халықтың дені сау болса ғана елдің әлеуеті артып, қоғамның тұрақты дамуына берік негіз қаланады.