ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ЕНГІЗІЛДІ

ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ЕНГІЗІЛДІ

11.08.2026 21:58:22 147


 
Шымкентте білім алушылар мен тәрбиеленушілерге көрсетілетін қаржылық және материалдық көмекті тағайындау тәртібі жетілдірілді. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды нақты көмекке мұқтаж балаларға бағыттап, өтініштерді қарау кезінде бірыңғай әрі автоматтандырылған тетікті қалыптастыру.
 
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаржылық және материалдық көмек әлеуметтік жағдайы белгілі бір талаптарға сай келетін балаларға беріледі. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасылардың балалары және заңнамада көзделген басқа да санаттар бар.
 
Шымкент қаласында бұрын көмек алушылардың санын анықтау барысында, әсіресе екінші санатқа жататын отбасыларды айқындауда бірқатар қиындықтар болған. Ақпараттық жүйелердің толық интеграцияланбауы әлеуметтік мәртебені нақты анықтауға әсер еткен. Соның нәтижесінде көмек алушылар саны да айтарлықтай өскен. Мәселен, 2024 жылы қалада 46 825 білім алушы қаржылық және материалдық көмекпен қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 57 047-ге жеткен. Ал 2026 жылға осы мақсатта 66 мың білім алушыға көмек көрсету қарастырылған.
 
Айта кетейік, биылдан бастап өтініш қабылдау процесі «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Азаматтар өтінішті электронды түрде береді.
 
Жаңа цифрлық тетік әлеуметтік көмекті тағайындау барысында адами факторды азайтып, деректердің нақтылығын арттыруға және қолдауды заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес көрсетуге бағытталған.