Гонконг қаласындағы форумда құқықтық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды
12.08.2026 17:31:10 144
Гонконг, 2026 жылғы 7 тамыз – Гонконгта Азия-Тынық мұхиты заңгерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қытай кәсіпорындарының Қазақстан нарығына шығуына жәрдемдесуге арналған құқықтық және кәсіби қызметтер» тақырыбында Форум өтті. Іс-шараға әділет органдарының, даму институттарының өкілдері, жетекші консалтингтік компаниялардың басшылары және қытайлық бизнестің топ-менеджерлері қатысты.
Қазақстан Республикасының Гонконг қаласындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Ол ағымдағы жылы Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жандана түскенін және еліміздің гонконгтік капитал үшін инвестициялық тартымдылығының артқанын атап өтті. Отандық дипломат екіжақты қарым-қатынастардың дамуына үстіміздегі жылғы маусымда Гонконг Арнайы әкімшілік ауданың Басшысы Джон Лидің Қазақстанға жасаған сапары айтарлықтай серпін бергенін жеткізді. Гонконгтік делегация құрамына ірі бизнестің 70-тен астам өкілі кіріп, жалпы сомасы 1,6 млрд АҚШ долларынан асатын 61 келісімге қол қойылды. Осыған байланысты Бас консул Гонконг кәсіпкерлерін Қазақстан нарығындағы қатысуын одан әрі кеңейтуге шақырды.
Форум жұмысына Гонконг Әділет министрінің орынбасары Хорас Чанг Квок-кван да қатысты. Өз сөзінде ол Гонконгтың қытайлық компаниялардың Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығуы үшін негізгі «қаржылық қақпа» ретіндегі рөліне тоқталды. Сондай-ақ Х.Чанг мырза Гонконгтың заң компанияларының ағылшын құқығы саласындағы ауқымды тәжірибесі жасалатын мәмілелер мен екіжақты серіктестікті тереңдету үшін берік құқықтық негізді қамтамасыз ететінін атап өтті.
Қазақстандық «Grata International» заң фирмасының серіктесі, халықаралық құқық саласының сарапшысы Шаймерден Чиканаевтың баяндамасы қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылық тудырды. Өз баяндамасында ол қатысушыларды Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеудің ерекшеліктерімен, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерімен таныстырды.
Айта кету керек, аталған Форум Гонконгтың іскерлік топтарының қаржы-экономикалық қызметте ғана емес, заң саласында да қазақстандық нарықтағы қатысуын кеңейтуге деген қызығушылығын айғақтады. Кездесулер қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Гонконг арасындағы ауқымды инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту үшін құқықтық қолдау жүйесін қалыптастыруға бейілділік танытты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hongkong/press/news/details/1273071?lang=ru