Дебиторден салық берешегін өндіріп алу қашан мүмкін?
12.08.2026 17:31:14 189
Егер салық төлеуші салық берешегін белгіленген шекті мөлшерден асқан жағдайда да, оның банктік шоттарындағы қаражатты өндіріп алғаннан кейін өтемесе, салық органы оның дебиторларының шоттарындағы ақша қаражатына өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Дебитор деп кім танылады?
Дебитор – салық төлеушіге берешегі бар жеке немесе заңды тұлға, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын тұлға, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі.
Қандай тәртіппен жүзеге асырылады?
• салық органы дебиторға дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама жібереді;
• дебитор салық төлеушімен өзара есеп айырысуларды салыстыру актісін немесе өзара есеп айырысуды растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс;
• хабарлама орындалмаған жағдайда, салық органы дебиторға қатысты салықтық тексеру жүргізуге және оның банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқылы.
Инкассолық өкім қашан қойылады?
Инкассолық өкім дебитордың банктік шоттарына расталған берешек сомасы шегінде мынадай құжаттардың негізінде жіберіледі:
• өзара есеп айырысуларды салыстыру актісі;
• салықтық тексеру актісі;
• заңды күшіне енген сот шешімі.
Инкассолық өкім салық төлеуші немесе дебитор салық берешегін өтегеннен кейін кері қайтарылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zko/press/news/details/1273068?lang=ru