Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде автосервис ашылды
29.09.2026 13:16:56 226
Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде кузовты жөндеу және сырлау жұмыстарын жүргізуге маманданған автосервис өз жұмысын бастады.
СТО жұмысын бастағанына бір аптаға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында сотталғандар екі автокөлікті жөндеуден өткізді. Қазіргі таңда автосервисте бес сотталған еңбек етуде. Жыл соңына дейін тағы бес жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Сотталғандар еңбегіне қарай жалақы алады. Бұл оларға кәсіби дағдыларын жетілдіруге, табыс табуға, сот үкімі бойынша өндірілген берешекті өтеуге және отбасыларына материалдық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Автокөліктерін жөндеткісі келетін азаматтар автосервис қызметін пайдалана алады. Ол үшін жеке кәсіпкермен қызмет көрсету туралы шарт жасасып, автокөліктің мекеме аумағына кіруіне мекеме бастығынан рұқсат алу қажет.
Режимдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында автокөлік мекеме аумағына кірмес бұрын режимдік-оперативтік бөлім қызметкерлері мен әскери қызметшілер тарапынан мұқият тексеруден өткізіледі. Қажетті режимдік іс-шаралар жүргізілгеннен кейін ғана автокөліктің мекеме аумағына кіруіне рұқсат беріледі.
Автосервис сапалы қызмет көрсетуімен және қолжетімді бағаларымен алғашқы клиенттерін тарта бастады.
- Мұнда өз мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік болғанына қуаныштымын. Сотталғанға дейін СТО-да жұмыс істедім, сондықтан автокөлік жөндеу маған таныс жұмыс. Бұл жұмыс маған ұнайды, өзім білетін істі атқарып жүргеніме қуаныштымын. Жалақының да мен үшін маңызы зор. Тапқан қаражатымның бір бөлігін сот үкімі бойынша берешекті өтеуге, ал қалған бөлігін отбасымның қажетіне жұмсауға тырысамын. Менің мектеп жасындағы үш балам бар, сондықтан жақындарыма көмектескім келеді. Жұмыс істеуге және қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік берген мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, — деді сотталған.
- Бүгінде мекемеде жиһаз, шаруашылық сабыны, ағаштан жасалған ыдыстар және басқа да бұйымдар өндіретін бес жеке кәсіпкер мен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Мекемеде өндірістік қызметті дамыту сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, оларды еңбекпен қамтуға және әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді, — деді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Еркін Исабеков.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisabai/press/news/details/1300427?lang=ru