Астанада Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективалары талқыланды

Астанада Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективалары талқыланды

12.08.2026 19:36:57 160

Астана, 2026 жылғы 12 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурды қабылдады.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады.

Е.Көшербаев сұхбаттасын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы хабардар етіп, елдің дамудағы жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Осыған байланысты 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іс жүзінде іске асырудағы маңызды кезең болатыны аталып өтті.

Өз кезегінде, америкалық тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады және энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестициялар салаларындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында сондай-ақ 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін «G20» саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасылды. Саммитке Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды түрде қалыптастыру мақсатында одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екендерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1273258?lang=ru