Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілермен жасалған мәмілелер бойынша шығыстарды шегеруге тыйым салынды
20.08.2026 18:27:13 171
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті келесіні хабарлайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты, жалпы салық режимінде жұмыс істейтін бизнеске әсер ететін өзгерістердің бірі – жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілермен жасалған мәмілелерден туындайтын шығыстарды шегеруге тікелей тыйым салынды.
Салық кодексінің 286-бабына («Шегерімге жатқызылмайтын шығыстар») жеке норма енгізілді; оған сәйкес, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушіден тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсалған шығыстар шегерімге жатқызылмайды.
Демек, егер салық төлеуші жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істейтін субъектіден тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алса, тиісті сома корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызыла алмайды.
Салық органы бұл мәмілелерді қалай анықтайды?Салық органы салықтық нысандардағы, басқа мемлекеттік органдардан алынған және өзге де дереккөздердегі ақпаратты өзара салыстырады; сәйкессіздік анықталған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі.
Салықтық тәуекелдерді бағалау кезінде контрагенттерге және шығындар құрылымына қатысты ақпарат ескерілуі мүмкін. Сондай-ақ, мұндай мәселелер салықтық тексеру барысында қарастырылуы мүмкін; бұл ретте нақты мәмілеге қатысты құжаттар мен іс жүзіндегі жағдайлар тексерудің түрі, нысанасы және рәсімі аясында зерделенеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1277666?lang=ru