«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік өтті Сенбілікке аудан әкімінің орынбасары Қабылбеков Кеңес Күнесбайұлы, мекеме басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер және аудан тұрғындары белсене қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш, Тыл ардагерлеріне арналған ескерткіш, аудандық әкімдік пен мәслихаттың айналасына тазалық жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша өткен сенбілікке 1250-ден астам тұрғын қатысып, 48 тонна қоқыс шығарылып, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сенбілік барысында аудан әкімінің орынбасары Кеңес Күнесбайұлы сөз сөйлеп, қоршаған ортаның тазалығы – өңірдің келбеті мен тұрғындардың мәдениетінің айқын көрсеткіші екенін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай игі бастамалардың аудан көлемінде тұрақты түрде жалғасып, әрбір тұрғындардың туған жерге жанашырлықпен қарауы маңызды екенін жеткізді. Таза табиғат – жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – баршамыздың ортақ парызымыз.
21.08.2026 09:10:46
137