Ақтөбе облысында Ірі супермаркет желісі ретробонустың белгіленген шекті мөлшерін асырған
24.08.2026 12:07:06 264
Ақтөбе облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыруға және сауда саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген бақылау барысында ірі супермаркет желісінің ретробонус бойынша белгіленген шекті мөлшерді асырғаны анықталды.
Анықталған заң бұзушылыққа байланысты аталған кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-3-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде оған 300 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сауда үстемесін асыру фактілері анықталды
Сонымен қатар, 2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемелерінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуде.
Бақылау шаралары барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерінен асып кетудің бірқатар фактісі анықталды. Нәтижесінде 137-ден астам кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сауда үстемесінің белгіленген шекті мөлшерінен асып кету деңгейі 20%-дан 270,9%-ға дейін жеткен
Заң бұзушылықтар көбінесе картоп, пияз, сәбіз, күріш, күнбағыс майы және басқа да бірінші кезектегі қажетті тауарларды сату кезінде анықталды.
Анықталған фактілер бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабының 1-бөлігіне сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Бақылау және түсіндіру жұмыстары жалғасуда
Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру кезінде заңнама талаптарының сақталуына мониторинг пен бақылауды жалғастырады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерін сақтау, ретробонус бойынша талаптарды орындау және қолданыстағы заңнама нормаларын сақтау бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сұрақтар туындаған жағдайда немесе консультация алу үшін азаматтар Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 54-46-49, 54-81-20, 54-81-26 телефондары арқылы немесе Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 25 мекенжайы бойынша жүгіне алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1278856?lang=ru